Алматы облысында әкімдіктің қызметкерлері бюджеттің қыруар ақшасы жұмсалса да аяқсыз қалған құрылыс жұмыстарын мердігерден қабылдап алған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Кеген аулына небәрі 5 км-ге жуық арық тарту үшін бюджеттен 52 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда 2017 жылы басталған жұмыс жартылай шала қалған. Тапсырыс беруші Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жартысы жасалмаған арықты мердігер компаниядан қабылдап алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Аудан орталығындағы арықтан аққан су осыдан 2 жыл бұрын қолданысқа беріліп, көшелердің сәнін келтіруі керек болған. Алайда су ағызбақ түгілі, арық жүйесі сол қалпы аяқсыз қалған. Бюджеттен 52,6 млн теңге жұмсалғанмен, іс жүзінде жұмыс жарты жолда тоқтап қалған. Ал әкімдік сапасыз, әрі шала жасалған жұмысты көре тұра, мердігерге талап қоймаған.
«Мына тоғанға 6-7 жылдан бері су келген жоқ. Су неліктен келмейтінін сұрап, бір-екі рет әкімге жолықтым. Әкім «Әне-міне істеп жатырмыз, көмейін жасап жатырмыз, аз күнде бітеді» деген. Кейін барғанда басқаша сылтау айтты. Бопты дедік. Осыған 3 жыл болды, міне. Одан кейін де қарап отырмыз, жасалуы да жақсы емес», — деді кегендік зейнеткер Баққожа Шахарбек.
Тұрғындардың сөзінше, халық қазынасынан бөлінген қаражатқа жасалған арықтың сапасы сын көтермейді. Жоспарланған 5 мың метр арық желісінің тек 3 мың метрден астамы ғана тартылған. Ары кеткенде үш айда аяқтайтын жұмысты мердігер компания үш жылға созған. Тендерден қомақты қаражатты Дәурен Мағауияұлының басқаруындағы «Балдаурен-Құрылыс» ЖШС ұтқан.
«Анау басынан «уровень» жоқ. Дұрыс жасалмаған. Суды жіберсең кейбір жерлеріне келгенде тоқтап қалады, өтпейді. Тоған жоқ. Елдің бақшасына бармайды, арық қоқысқа толып қалған. Мынаның астының бәрі бектіліп қалған. Арық 5 жылдан бері тұр, су жүрген жоқ. Иттің өлексесі де жатыр. Әкімдік су жібереміз дейді де, үнсіз қалады. Саябақтың бәрі су жоқ болғандықтан қурап жатыр», — деді Кеген ауданының тұрғыны Нұрлан Үзбақынов.
«52,6 млн теңге жұмсалған. Салынғаны 3,3 км ғана. 2 мың метр арық қайда? Оның қаражаты қайда? Арықтың сапасы сын көтермейді. Кегеннің тұсына келіп тұр, бірақ су жоқ. Мемлекеттің қаражатын талан-таражға салды. Халықтың қаражатын тонағандарды анықтасаңыздар. Тексерсеңіздер», — деді Кеген ауылының тұрғыны Мақпал Тұрсынқызы.
Қараусыз қалған арықтың кейбір жерлеріне саудагерлер контейнерлерін қойып, тауарын сатып отыр. Арық тартылатын жерлердің кейбір бөлігі мүлдем қазылмаған. Кеген ауданының әкімдігі құрылыстың дұрыс жасалмағанын да, аяқталмаған тапсырысты қабылдап алғандарын да мойындап отыр. Олар мердігердің кепілдемесі бітпегендіктен, мамыр-маусым айларында арықты қалпына келтіреді деген жауаппен шектелді.
«Мердігерлердің кепілдемесі бар. Мердігерлер де осы ауылдың азаматтары, осылар жасап береміз деп бізге кепілдеме беріп отыр. Жұмыс осы екі айдың ішінде толық аяқталады. Арықты қайтадан істемейді, бүлінген жерлерін қалпына келтіреді. Су өтпейтін жерлерді жөндейді. Мердігерден 2020 жылы қабылданған. Қадағалау болған. Аяқталмаған жұмысты жөндейді. Мердігер компанияның кепілдігі бар, қайтадан қаржы бөлмейміз. Бірақ арыққа су жіберу жағы сметалық жобада қаралмаған. Бұл тек ауылдың ішкі жүйесі. Каналдан суды жіберу бізге қарамайды, ол біздің міндетіміз емес. Оған ауыл шаруашылығы бөліміндегі Бауыржан деген жігіт жауапты», — деді Кеген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы міндетін уақытша атқарушы Манас Мұса.
Халықтың талабын естіген облысы әкімі тиісті тексеріс жүргізілетінін ескертті.
«Тиісті мамандарды жібересіңдер. Антикорға арыз жазыңдар. Тексерсін, болды. Отыр», — деді облыс әкімі аудан басшыларының жауабын күтпестен.