«Бізсіз төңкерісті тоқтата алмадыңдар»: Ресей азаматының жазбасы қазақстандықтардың ашуын тудырды

Евгений Глински есімді кәсіпкер, қазіргі атауы «Street Coffee» болып өзгерген бұрынғы «Smart Coffee» кофехана желісінің атынан әлеуметтік желіде Қазақстан мен қазақ халқына қатысты жағымсыз пікір жарияланған. Кейінірек автор бұл жазбаны өзі жазбағанын, парақшасына біреулердің заңсыз кіріп кеткенін айтып, ақталуға тырысты. Алайда желі қолданушылары оған сенбей, аталған брендке бойкот жариялауға үндеп жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Кәсіпкер «Smart Coffee» брендінің Instagram парақшасында жарияланған даулы жазба үшін қатаң сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушылары оның Қазақстан халқына деген құрметсіз көзқарасын өткір айыптап, мұндай әрекеттердің бизнес беделіне кері әсер ететінін атап өтті.

Даулы жазбада Қазақстанды «уақытша» не «үшінші сортты» мемлекет ретінде сипаттайтын пікірлер айтылған.

«Путин Жеңістің 80 жылдығына байланысты Украинамен уақытша бейбіт келісім жасады» деген жазбаның астында evglinsky аккаунты бір қолданушыға жауап ретінде: «Атқа мініп қарсы аласыңдар ма? Өз еліңде мемлекеттік төңкерісті де бізсіз тоқтата алмадыңдар ғой. Батырсымақтар», — деп жазған.

Кейіннен кофехана желісінің атауы «Street Coffee» болып өзгертілгенімен, бұл жағдай желіде резонанс тудырып, жұртшылық тарапынан бойкот жариялауға түрткі болды.

«Қазақ еліне +1 бойкот. “Smart Coffee” деген бәле бар екен, ойына келгенін жазып жүр. Енді келіп, “мен емес, басқа біреу жазған” деп ақталып отыр. Instagram мен 2GIS-ден көздерін құртайық. P.S. Street Coffee деп атын ауыстырып тастапты», – деп жазған желі қолданушылары.

Алайда кәсіп иесі даулы жазбаны өзі жазбағанын айтып, Instagram парақшасына бөгде адамның кіргенін алға тартты. Дегенмен, көпшілік бұл мәлімдемеге сенімсіздікпен қарап, дәлел келтіруді талап етті. Желі қолданушылары ұлтараздық сипаттағы мұндай пікірлерге қоғамда орын болмауы тиіс екенін қатаң түрде ескертті.

Евгений Глински бұған дейін кешірім сұрауды ойлағанын, бірақ оқиға кезінде қатты күйзеліске түскенін алға тартты.

«Бұл жағдай бақылаудан шығып кеткені үшін және сіздерге дер кезінде үн қатпағаным үшін кешірім сұраймын. Аккаунтымнан жарияланған жазбаларға шын жүректен өкініш білдіремін. Ол сөздер менің өзіме де ауыр тиді. Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайды жақсы түсінемін және осы оқиғаға байланысты сіздерге толық қолдау білдіремін. Егер мені ар-намысы жоқ немесе жексұрын деп ойлап, компаниям Қазақстанда жұмыс істемеуі керек деген пікірде болсаңыздар, осы видео арқылы ойларыңыз өзгереді деп сенемін. Егер кінәлі адам немесе адамдар анықталса, олар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Дегенмен мен Қазақстан халқының бұрынғыдай мейірімді әрі парасатты болатынына сенгім келеді», — деп мәлімдеді Евгений Глински.

Глинскидің айтуынша, Smart Coffee компаниясының Қазақстандағы командасы шамамен 40 адамнан тұрады, олардың басым бөлігі – қазақ ұлтының өкілдері.

Айта кету керек, Smart Coffee – Қазақстанда кеңінен таралған, өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесімен жұмыс істейтін кофеханалар желісі. Компания өнімдерін елдің әртүрлі қалаларында орнатылған вендинг аппараттары арқылы сатады. Kompra.kz порталындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда «Smart Coffee» атауымен тіркелген екі заңды тұлға бар: бірі – Алматы облысы, Боралдай кентінде тіркелген «Smart Coffee» ЖШС, екіншісі – Алматы қаласындағы «Smart Coffee LTD» ЖШС. Бұл компаниялардың ресми басшылары ретінде Дамир Волох пен Артём Габдрахманов көрсетілген. Сонымен қатар, компанияның .kz доменіндегі ресми сайты қазіргі уақытта қолжетімсіз.

Өзін кофе бизнесі арқылы 18 миллион рубль табыс тапқан кәсіпкер ретінде сипаттайтын Глински, бір стақан кофені 100 рубльге (шамамен 500 теңге) сатқанын айтқан.