«Бизнесті тартып алу»: Алматы облысында 60-қа жуық тендерді бір ғана компания ұтып алған

Алматы облысында елуден астам мектептің асханасы бір ғана компанияға бағынышты болмақ. Алды ширек ғасыр, соңы он жылдай мектеп асханасында жұмыс істеп, балаларды тамақтандырып келген кәсікерлер бір күннің ішінде жұмыссыз қалғалы тұр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Кәсіпкерлер облыстық білім басқармасы өткізген тендер заңсыз деп санайды. Олардың сөзінше, төрт аудандағы мектептің оқушыларын тамақпен қамтамасыз етуді бір ғана компания ұтып алған. Жеке жеке өткізілген алпысқа жуық тендерде тек бір ғана компанияның жеңімпаз болып шығуының астарында жемқорлық пен сыбайластық жатыр деп санайды кәсіпкерлер.

«Мен өзім осы салада 1998 жылдан бері жұмыс істеп келем. Шелек ауылдық округіндегі екі мектепттің асханасында оқушыларға тамақ дайындаймыз. Абай атындағы орта мектепте 700-дей оқушы бар. Аз қамтылған отбасындағы 179 оқушыға мемлекеттік тапсырыс бойыша, 40 оқушыға жалға алушы кәсіпкер ретінде тегін тамақ берем. Вихрев мектебінде 580 оқушы бар. Ол мектепте аз қамтылған 120 оқушыға, өз атымнан 30 балаға тегін тамақ беремін. Әр оқушыға мемлекет 450 теңгеден төлейді. Мемлекеттен екі мектептің оқушылары үшін 1,8 млн теңгедей ақы бөлінеді.

Қыркүйек айында тендер өтіп, бұл ауылды білмейтін, мектеп асханасына тамақ дайындап көрмеген «Лема» атты компания жеңімпаз деп танылды. Бұл компания тендерді ұтып алғанмен, асханаға тамақ дайындауды «субарендаға» бермек. Сонда әр балаға берілетін ақша бірнеше адамға бөлініп, бұның соңы оқушыға сапасыз тамақтың берілуіне әкеледі. Өңірге мүлдем қатысы жоқ, әр оқу орнындағы балалармен, ата-аналармен жұмыс істеп көрмеген компанияның тендерді жеңіп алуының артында таныстық пен коррупция тұр деп санаймыз», — деді кәсіпкер Света Сайдинова.

Кәсіпкерлердің бәрі тендерге қатысқан. Көбі аудандық іріктеуде жоғары балл алғанмен, облыстық ішкі аудит департаменті өткізген сынынан түгелдей сүрініпті. Тәуелсіздік жылдарынан бері асхана саласында жұмыс істеп келе жатқан мамандардың тендерден түгелдей өтпей қалуы мүмкін емес деп санайды асхананы жалдаушылар.

«Біз заңгерлер арқылы құжаттарымыздың дұрыс екенін, лотқа қатысқан кездегі мүмкіндіктеріміздің жоғары екенін біліп, көріп отырмыз. Ең жоғары балл – 23. Оны мектепте жыл бойы жұмыс істеген, тамақты сапалы дайындаған, ата-аналардың да, балалардың да көңілінен шыққан, тәжірибесі бар, салық төлеп отырған, түрлі тексерістерден өткен шағын кәсіп иелері алады. Сонда біздің ұпайды облыс кемітіп, бір ғана компанияға 23 балл беру арқылы ұтқызған. Әр асханадағы аспазшыға дейін құжаттарымыз бар. Біз тендердің нәтижесі жоюды, қайта өткізуді талап етеміз. Облыстық білім басқармасында сыбайластыққа басымдық берілді деп санаймыз », — деді кәсіпкер Гүлнара Құрбанова.

Тендер өткенмен, жеңімпаз компанияның өкілдерімен мектеп әкімшілігі де, аудандық білім бөлімі де әлі ешқандай келісімшарт жасаспаған. Бұрынғы кәсіпкерлердің қолында аудандық білім бөлімімен жасасқан келісім шарттары бар. Тамақ дайындап, жұмыстарын жалғастырып келе жатқан кәсіпкерлер желтоқсан айына дейін жұмысын жалғастра алады. Бірақ осы аптадан бастап жаңа мердігер компанияның өкілдері барлығына ескерту жасап, жуырда өздерінің келетінін ескерткен. Бұның соңы мектеп асханаларында оқушылардың көзінше ұрыс-керістің шығуына түрткі болған.

«Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі жариялаған тендерді ұтқанмын. Оппоненттер тарапынан түскен арыз негізінде облыстық ішкі аудит департаменті 45 мектептің тендер нәтижесін қайта қарап, нәтижесінде менің балл жойылды да, біздің аудандағы 22 мектептітің тендері түгел дерлік бір ғана ЖШС-нің пайдасына шешіліп шыға келді. Мен ғана емес, көптеген жыл осы аудандағы мектептерде қызмет етіп келген кәсіпкерлердің бәрі бұл нәтижемен келіспейміз. Барлық мектептің асханасы бір ғана компанияға қалайша өтіп кетеді? Менің көпжылдық еңбегім қайда қалды? Мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеген кезде де жұмыс істедік. Баланың тамағына мемлекеттен қаржы бөлініп еді, аяқ астынан дайын асханаға қожайындар шыға келді. Бұл не қылған бассыздық. Біз бұны заңды өз пайдаларына шешу арқылы бизнесті тартып алудағы рейдерлік деп санаймыз», — деді Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылындағы Ш.Уалиханов орта мектебінің «аспазы» Әсемгүл Оразова.

Кәсіпкерлердің бәрі мектеп асханасын өз қаржыларына түгелдей жаңартқан. Олар қазан-ошақ, ыдыс-аяқтан бастап ас дайындайтын сан түрлі қондырғыларды, аппараттарды қойғызған. Енді ұзақ жылдық еңбек пен қаражаттың зая кеткеніне наразы. Наразы топ республикалық деңгейдегі ішкі аудит, антикор, білім министрлігі сынды бірнеше ведомствоға арыз түсірген. Алайда, арада ай өтсе де ешқайсынан жауап келмеген. Кәсіпкерлердің сөзінше жаңа компания тек Еңбекшіқазақ қана емес, Талғар, Райымбек, Алакөл сынды аудандарға да қарасты мектептердің асханасында бизнес жасау мүмкіндігіне ие болған. Мемлекеттен бөлінген қомақты қаржыдан – бір, тамақ сатып екі пайда табатын компанияның барлық аумақты өздеріне қаратып алуының артында ықпалды адам тұр деп санайды асхананы жалдаушылар.

Ал Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызының сөзінше, тендерден соң наразы адамдардың саны көбейген. Шулы істен облыс әкімі де хабардар екен. Өңір басшысы жергілкті халықтың жұмыссыз қалмауын, кәсіптен айырмауды тапсырған.

«Біз бұл іске тікелей қатысқан жоқпыз. Балл, өзге де көрсеткіштерді төмендетуге біздің қатысымыз жоқ. Бірақ, осыншама көп мектептің асханасын бір ғана компанияның алуы бізге де сұрақтар туғызады. Олар қалайша бәріне үлгереді? Бұл сұрақты аудитке қойдық. Осыған дейін балаларды аспен қамтамасыз етіп келгендер мектептен кеткен жағдайда, өздерінің мүлкін толықтай әкете алады. Жаңа «арендатор» асхананы қажетті дүниемен толықтай жабдықтауға міндетті. Оған көп уақыт кетеді. Қазір біз аталған тендерді қайта қарауды қарастырып жатырмыз. Нақты ештеңе шешілген жоқ», — деді облыстық Білім басқармасының басшысы.

Дау көтерген кәсіпкерлер болса бұл істі соңына дейін жеткізуге бел буып отыр.

Ақпарат көзі: Azattyq Ruhy