Ұрпақ тәрбиесіне трансгендер араласпасын. Қазақстан ата-аналар одағы бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева Астанада өткен жиында осылай деді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі лесбиан, гей, бисексуал және трансгендерлікті (ЛГБТ) насихаттауға қарсы петицияны ішінара қолдады. Жария талқылау 1 тамыз күні өтіп, ол министрліктің Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
ЛГБТ насихатына қарсы петиция авторы, Қазақстан ата-аналар одағы бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева белсенділік танытты. Ол еліміздің билігін петицияны қабылдамауға шақырған БҰҰ Адам құқығы кеңесінің мәлімдемесіне келіспейтінін айтып келеді. Төрайым, ЛГБТ өкілдерінің еліміздегі ұрпақ тәрбиесіне, балаға қатысты дүниеге араласуға хақысы жоқ деп санайды.
Бірақ оның айтқандарымен Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис келіспейді. Құқық қорғаушы, ҚР Конституциясының 14-бабындағы қағиданы, яғни адамның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтынын еске салды.
Даулы отырысты қоғамдық ұйымдардың өкілдері де ойларын ашық айттты. Ал министрлік бұл тақырыпта әліде жұмыстар жалғасатынын хабарлады.
«Конституцияға сәйкес, барлық азамат заң мен сот алдында тең. Бірде-бір адам дискриминацияға, оның ішінде жынысына қарай немесе өзге жағдайларға байланысты алалауға ұшырамауы керек. Осыған орай петицияны жартылай қолдаймыз. Бір мезетте петицияда көрсетілген балалар мен жасөспірімдерді жыныстық қарым-қатынасты насихаттау, культке айналдырудан қорғау туралы талапты қолдау туралы шешім қабылданды» деді мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар мен отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Қамбаровтың пікірінше, бұл тақырып бойынша әліде үлкен зерттеулер жүргізіледі, сараптама жасалады. Ашық талқылау барысында ІІМ, Оқу-ағарту министрлігі, денсаулық сақтау министрлігінен келген өкілдер петицияны қолдап, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға жасалған қылмыстық статистикаларды мысалға алды.
50 мың қол жинаған бұл петицияның авторы қоғам белсендісі Бағила Балтабаева ой-ссанасы қатпаған балалардың бір жынысты қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп үйреніп, тіпті трендке айналдыра бастағанын, мұның қоғамның үлкен қасіреті екенін айтқан. Автор мысал ретінде Өзбекстан мен Ресейде қатаң заң талаптары қабылданғанына тоқталып, Қазақстанда да оны насихаттауға заң негізінде тыйым салу қажеттігін айтып келеді.
Бұған дейін Amanat фракциясының депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан «Масс-медиа туралы» заңға түзету енгізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына «ЛГБТ өкілдері туралы жазуға» тыйым салуды ұсынған еді.