Полиция марқұм Шерзат Болаттың ағасының өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Алматы облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Аға, не істесем де кешір. Мен бауырымның өлгенін қаламадым. Барынша тырыстым. Аға, сен біз үшін кек алу керексің. Сол үшін жаралғансың. Бірақ, мен істеген істі қайталама. Сенде ұл-қыз бар, соларды ойла. Мені сені қатты жақсы көремін, кешір», — деп жазған марқұм.
Өзін өлімге байлаған жігіттің ағасы бірден жауап беріп, інісінің қайда жүргенін сұраған.
«Ақымақ болма, үйге қайт. Берген уәдең қайда? Сені қайдан іздеп табайын. Мама ауырып қалады», — деп жауап берген ағасы.
Алайда марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев ағасының бұл сұрақтарына жауап бермей, соңғы өтінішін айтқан.
«Шерзаттың жанына жерлесең болды, басқа айтарым жоқ», — деп жазған күйзелістен өзін өлімге қиған марқұм.
Алматы облыстық Полиция Департаменті оқиғаға қатысты ақпарат таратқанмен, Ғайыпбаевтың жеке басына байланысты мәлімет бермеді. «Хуторлық» бандылармен төбелескен Шерзаттың ағасына қатысты қылмыстық істің қозғалғанын немесе қозғалмағанын жасырып қалды.
«Бұл туралы Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны бойынша, келесіні хабарлаймыз: Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды.
Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз!», -делінген хабарламада.
Фото://t.me/zakonkz