Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шетелге жарыстарға шыққанда өздерімен бірге қазақтың қандай ұлттық тағамдарын ала баратынын айтып берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Естеріңізде болса, Мырзағали Айтжанов осыған дейін Парижге аман-есен жеткенін, бүгін Олимпиада қалашығындағы алғашқы жаттығуларын бастайтынын айтып берген еді.
«Парижден алғашқы ас-суымызды іштік. Тағамдары ұнады. Өз басым осымен Олимпиада ойындарына бесінші рет спортшыларымызды бастап келіп отырымын. Олимпиададан тыс өзге де, қаншама жарыстарға шығып жатырмыз. Барлығында өзімізбен бірге қазақи қазы-қарта, құрт-майымызды ала барамыз. Біз қайда жүрсек те, бір күн ет жемей қалсақ, қарынымыз ашады. Себебі – қазақпыз ғой. Ет жемеген қазақ – қазақ емес», — деді бас бапкер.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құрамда, яғни 7 салмақта, ал әйелдер құрамасы 3 салмақта сынға түседі.
Фото: Бокс федерациясы