Биыл жемқорлардан 195 млрд теңге мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылды

Биыл Антикор 195 млрд теңгеuі жемқорлардан мемлекеттің пайдасына өндіріп алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысын өткізді, деп хабарлады Qazaq.today агенттігі. 

Алқа жұмысына Президент әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Агенттіктің және оның аумақтық бөлімшелерінің басшылық және жеке құрамы қатысты.

Агенттіктің мәліметінше, биыл аяқталған істер бойынша 195 млрд теңге өтелген. Ал 2,5 жыл ішінде Қазақстан халқына 1,07 трлн теңге қайтарылды.

Сондай-ақ Агенттік халықаралық құқық қорғау желілерімен – БҰҰ жанындағы GlobE, Эгмонт, CARIN және ARIN тобымен белсенді ынтымақтастық құрған. Бүгінде Агенттік жемқорлыққа қарсы ведомстволармен 13 меморандум жасап, оның төртеуіне биыл қол қойылды. Олар – Әзербайжан, Гонконг, Қатар және Ресей.

Сонымен бірге, алқа отырысында түрлі салалардағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, цифрлық құралдарды енгізу, жоспарланған заңнамалық өзгерістер, қылмыстық процесте адам құқықтарының заңдылығын және қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Талқылау барысында пікір алмасып, қабылданып жатқан жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Қорытындылай келе, Асхат Жұмағали Агенттіктің жемқорлыққа қарсы саясатты сапалы іске асыру жөніндегі жұмысын жалғастыратынын атап өтті. Оның негізгі бағыттары жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес, оның алғышарттарын жою, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және бизнесті жемқорлықтан қорғау болып қала береді. Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.