Биыл Ресейден Қазақстанға 4 жолбарыс әкелінеді

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл елімізге тағы 4 жолбарыс әкелінетінін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Нидерландыдан екі жолбарыс әкелінді. Қазір олар Іле-Балқаш резерватының аумағында, жағдайлары жақсы. Жыл соңына дейін олар көбейеді деп үміттеніп отырмыз», — деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Ерлан Нысанбаев ақпан айында ресейлік әріптестермен кездесу өткізілгенін атап өтті.

«Ресейден мамандар тобы келді. Олардан әкелуді жоспарлап отырған жолбарыстарға қажет инфрақұрылымды көрсеттік. Биыл тағы үшеу, көп дегенде төрт жолбарысты әкелеміз», — деді Экология және табиғи ресурстар министрі.