Ел тұрғындары биыл алаяқтарға 18 млрд теңгеге алданған. Алмаған ақшасы үшін 7,4 мың қазақстандық банк алдында берешек болып қалған, деп хабарлайды Qazaq.today.
Алаяқтардың көбейіп кеткенін Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі кезінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Әбілқасымова мәлім етті.
«Нормативтік деңгейде қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау қатаңдатылды, банктер мен МҚҰ проблемалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту бойынша жеке жоспарлар қабылдады. Қазіргі уақытта тұтынушылық кредит беру нарығында анағұрлым өзекті мәселе қаржылық алаяқтықтың өсуі болып табылады. Ағымдағы жылдың басынан бері 18 млрд теңгеге 7,4 мың жалған қарыз берілген. Ведомствоаралық деңгейде ҚМА, ЦДИАӨМ-мен, ҰБ-мен, ІІМ-мен бірлесе отырып алаяқтық әрекеттердің алдын алу, анықтау және алдын кесу бойынша үйлестіру жұмыстары қамтамасыз етілді», — деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Әбілқасымов.
Негізгі шаралардың ішінде әрбір онлайн қарыздар берген кезде клиенттерді міндетті биометриялық және көпфакторлы индентификаттауды енгізуді, банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне және олардың мобильді қосымшаларына қойылатын талаптарды қатаңдатуды атап өтуге болады.Азаматтар үшін «электрондық Үкімет» порталында қарыз алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу және мұндай бас тарту болған кезде кредиттерді есептен шығаруға банктер мен МҚҰ-ның міндеттерін енгізу.
«2024 жылғы шілдеден бастап алаяқтық белгілері бар транзакциялар бойынша нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы іске қосылды. Барлық банктер сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйелері шеңберінде жаңа талаптар белгіленетін антифрод бөлімшелерін құрды.Әлеуметтік инженерия әдістерін пайдалану арқылы орын алатын алаяқтық жағдайларын азайту мақсатында кредит берген кезде 24 сағатты құрайтын «шешім қабылдау кезеңін» заңнамалық деңгейде енгізу көзделіп отыр. Шешім қабылдау кезеңінің ішінде банктер клиенттердің тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын жаңа талаптарға сәйкестігін тексеретін болады. ЦДИАӨМ мен ҰБ-мен бірлесіп, азаматтардың жолданымдарын қабылдауға арналған Бірыңғай Колл-орталық құру арқылы алаяқтардың қоңырауларына ден қою тетігі әзірленді», -деді ол.