«Бітпейтін жанжалдан шаршадық»: Алматы облысында мектеп ұжымы он жыл бойы өзара айтысып келеді

Алматы облысында мектеп мұғалімдері министрден араша сұрады. Балаға сапалы білім бергенннің орнына ұжым өзара оншақты жыл бойы айтысып, бір-бірлерінің үстерінен арызданып келеді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі Azattyq Ruhy -на сілтеме жасап. 

Іле ауданындағы №17 мектептен береке қашқан. Оқушыларға сапалы білім берумен емес, керісінше ұжымдағы қызметкерлер бір-бірлерінің кемшілігін іздеп, нұқып-шұқумен білім ошағының аты шыққан. Ұлтты, ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар үнемі қып-қызыл даудың ортасында жүреді. Білім ошағындағы дауды тоқтатуға аудандық білім бөлімінің басшысы да қауқарсыз. Амалы таусылған мұғалімдер Оқу-ағату министрінен араша сұрап отыр.

Мектепте толассыз ақша жинау да тоқтамаған. Тіптен заңсыз ақша жинау бойынша тексеріс жүргізген комиссия заңсыздықтарды анықтап, шара да қолданған.  Мемлекеттен тұрақты қаражат бөлінсе де, оқу орталығының парталары мен есігі жаңармаған. Ал аралас мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Куленбаева бастаған ұстаздарға бұндай заңсыздықтар мүлдем ұнамайды.

«2015 жылдан бастап осы мектептің жемқорлығымен айналысып келе жатырмын. Сол менің қарыз алған танысыма дейін арыз жаздырып, менің үстімнен іс қозғатып жатыр. Қанша ақша мемлекеттен бөлінсе де ешқандай материалдық жабдықтар алынбайды. Есесіне ақша жинау,  пара алу да болған. Көзіміз көрді. Сол мектепте 13 жыл жұмыс істедім. Менің ұжымға ешқандай шағымым жоқ. Мұғалімдер тек бұйрықты орындайды. Айт десе айтады, отыр десе отырады, ақша жина десе жинайды. Себебі оларға жұмыс керек. Кредиті бар, бала-шағасы бар. Мен жұмыстан заңсыз қуылдым. Қаңтардың 17 күні жұмыстан босатты. Себебі, облыс әкімі Сұлтанғазиевтің халықпен кездесуінде директордың ақша жинағанын және таныстары мен туыстарының 42 сағатпен жүргенін айттым.  42 сағат деген 3 мұғалімнің жұмысы, дипломы жоқ мамандар, мысалы психолог информатика пәнінен 3 жылдан бері сабақ беріп келе жатыр, заң мамандығын бітірген адамды дене шынықтыру пәнінен беруге қабылдаған. Мектепке 1, 2 курстың студенттерін қабылдаған», — деді  қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айнұр Күленбаева.

АУДАН БАСШЫСЫ АРЫЗДАНЫП ЖАТҚАН МҰҒАЛІМДЕРДІ ТАТУЛАСТЫРУҒА ҚАУҚАРСЫЗ

Мектептегі келеңсіздіктердің кесірінен ұжым бөлініп кеткен. Тату-тәтті ұжымға айналғанның орнына, №17 мектептің қызметкерлері бітіспес жауға айналып, бір-біріне кектеніп алған. Үзіліс бола қалса, ұжым акт залға, дәлізде жоспарланбаған жиналыс жасап, проблемаларды талқылауға көшеді. Мектептегі даудан ата-аналар да, балалар да хабардар. Олар үшін бірін бірі сотқа сүйреу қалыпты жағдайға айналған. Ал әлеуметтік желілер олардың айтыс құралдары саналады. Ал мектептегі заңсыздықтармен күресіп жүрген Күленбаеваның әрекеті басшылыққа мүлдем ұнамайды.

«Күленбаева мектебіміз туралы, ұжым туралы Facebook-ке, Instagram-ға жаман сөздер жазып, жала жауып келеді. Мен жеке басым үшін уайымдамаймын, бірақ мұғалімдеріміз туралы қоғамның жеккөрушілігін тудыратын пікірлер жазып жүр. Бұл әріптестеріміздің мазасын алып, сабағын тыныш жүргізуге кедергі келтіріп жатыр. Оның әр жазған арызы үшін мектепте тексерістер көп болады. Бұл білім процесін тежеп жатыр. Оқушылар да мұғалімдері туралы не ойлайды осыдан кейін? Жаман пікірлерді көрген ата-аналарда қандай ой туады? Бізге үлкен қиындық келтіріп жатыр. Мұндай адам балаға дұрыс тәрбие бере ала ма? Менің ойымша, оған мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік беруге болмайды», -деді Алматы облысы Іле ауданы №17 мектептің директоры Жанат Имашева.

«Біз қатты шаршадық. Аға буын өкілдері төзімді болып келеді, білесіздер, бірақ шыдамның да шегі бар. Осы жолы төзіміміз таусылды. Бітпейтін жанжал мен шағымдардан шаршадық. Мұғалім оқушыға білім беру керек. Дәл қазір сайтта біздің мектеп туралы жаман пікірлер қалыптасқан. Адал еңбектеніп жүрген мұғалімдерге жаным ашиды. Дипломын сатып алған мұғалімнен білім алуға келген балаларға да обал. Балаларды мұндай адамнан қорғау керек. Кей мұғалімдер жұмыстан шығып кетсе де, арыздануын қойған жоқ. Айнұр министрлікке дейін барды. Біз жұмысымызды тыныштықта атқарғымыз келеді. Бұрын алдыңғы қатарлы мектеп едік. Осындай адамдардың кесірінен ата-аналарда біз туралы тек жаман пікір қалыптасты», -деді бастауыш сынып мұғалімі Людмила Инкина.

Мектеп қабырғасында 2012 жылдан бері жалғасып келе жатқан келеңсіздік пен кемшіліктерді жазып та, айтып та жеткізу жеңіл емес. Заңсыз ақша жинау тек бұл мектепте ғана емес, Ләззат Каткеева ондаған жыл бойы тапжылмай басқаратын аудандық білім бөлімінде де бұған дейін болған. Келеңсіз оқиғалармен мектеп қана емес, білім бөлімінің де аты шығып келеді. Аудан басшылары облыс әкімі мен министрге дейін арызданып жатқан мұғалімдерді татуластыруға қауқарсыз.

«Еңбек өтілімім 33 жыл, оның 22 жылын осы мектепте өткіздім. Ішімізге іріткі салынды. Біз балаларға дұрыс, тыңғылықты білім беруіміз керек. Тырнақ астынан кір іздеп, әлемуеттік желілерде мектебіміздің абыройын Айнұр айрандай төкті. Менің талабым, жоғарыда отырған адамдар ойланса деймін. Жалған дипломмен жұмыс істеп, алаяқтықпен де айналысып жүрді. Біздің мектептің құжаттары әлеуметтік желіде тарап жүреді. Сондықтар сот органдары, білім басқармасы белгілі бір шешім шығаруы керек», — деді химия-биология мұғалімі Лаура Ыбышова.

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҰСТАЛҒАН БҰРЫНҒЫ ДИРЕКТОР СОЛ КҮЙІ МЕКТЕПТЕН КЕТПЕГЕН

2015 жылы мектептің бұрынғы директоры жемқорлықпен ұсталып, дүйім жұртты дүр сілкіндірген еді. Одан кейін де бұл мектеп даудан арылған жоқ. Осы жылға дейін төрт директор ауысқан. Жемқорлықпен ұсталған бұрынғы директордың ісі сотта қаралып, айыпты деп танылса  да, ол сол қалпы мектептен кетпеген. География пәнінен 1,5 сағат алып, жұмысын жалғастыра берген. Кейбір мұғалімдер бұны әділетсіздік деп санайды.

«Мен арызданып жатырмын. Ақша жинаған, пара алған мұғалімдер жұмыс істейді де, ал мен соны айтқаным үшін жұмыстан шықтым. Сол үшін мен аяғым жеткен жерге дейін барамын. Мектептегі жемқорлықты айтып жүрмін. Мемлекеттен өңірдің білім саласына бәлен млрд бөлінген. Біздің мектептегі орындық, парта, есік, компьютерлер…ешқайсысы жаңарған жоқ. Алдындағы директор ҚР ҚК 366-бабымен сотталған. Екі дипломым бар, екеуі де қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша. 1998 жылы Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы педагогикалық колледжді бітірдім. 2003 жылы Алматы қаласында Абай атындағы педагогикалық университетті бітірдім. 25 жыл еңбек өтілімім бар. Еңбек кітапшамда жазылып тұр,  1998 жылы жұмысымды колледждің дипломымен бастағанмын. Алты балам бар, үшеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Мен шындықты айтқаным үшін басшылар күн қыспаққа алып келеді. Ұнамаған мұғалімдерді осылай шығарып жібереді. Мүлдем дипломы жоқ, таныстықпен келіп жұмыс істейтіндер бар. Мектепке келіп сабақ береді, сағат алады, айлық алады сүйтіп барып бұлар оқуға түседі. Кітапханашы, лаборант, іс жүргізуші болып келеді де, мұғалім болып кетеді, кейін оқуға түседі. Биылда бірнеше мұғалім жұмыстан шығарылды. «Декретте»н келген мұғалімдерге 9-10 сағаттан ғана береді. Олар негізінен 1 жүктеме, яғни 16 сағаттан алуы керек. Соттылығы бар бұрынғы директор 20-25 сағатпен отыр. География пәнінен сабақ береді. Бұрынғы директоры сот арқылы айыппұл төлеген», — деді мектептің келеңсіздігін айтқан Айнұр Күленбаева.

КҮЛЕНБАЕВА МЕКТЕПТЕГІ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРДІ ЖУЫРДА ҒАНА САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТТАРҒА ЖЕТКІЗБЕК

Мектепте 210 қызметкер бар. Олар осындағы 2400-ге жуық оқушының білім мен тәрбие алуына жауапты. Алайда мектептің мұғалімдері өзара дауласып жүр. Оқу орнындағы келеңсіздіктерді айтқан Күленбаеваны да жуырда директор жұмыстан босатқан. Ал пән мұғалімі заңсыз шығарылғанын айту үшін Астанаға аттанды.

«Бізді бүкіл Қазақстан таниды. Ол біздің мектепте 2011 жылдан бастап істеді, жуырда жұмысынан босатылды. Осы жұмыс жылдарының бәрінде өзін жағымсыз іс-әрекеттерімен танытты. Бұл кісі істеген тұста мектептің 4 директоры ауысты. Басшылардың бәрімен қырқысып, үстінен арыз жаза берген. Күленбаеваның фишкасы – арыздану. Өзі оны «әділдік үшін жасап жүрмін» деп ойлайды. Әріптестерінің басқан ізін видеоға түсіріп, күн бермеген. 2015-2019 жылдары өзім келгелі көргенім, сол кісінің арызы бойынша біз тексерістен көз ашпаймыз. Қай мектептің де, қай мекеменің де өз ішінде сапырылысқан өмірі болады ғой, жай ғана парта, дәптерге дейін мін тауып, мұғалім 5 минутқа кешіксе, соны барып видеоға түсіреді, шағымданады. Біздің міндет балаға сапалы білім беру. Ал ол осы міндетті атқаруға қатты кедергі келтіреді. Біздің ұжым моральды-психологиялық шаршаған. Әріптестеріміздің арасына от жағып, арандатты. Мектептің мөр басылған құжаттары  әлеуметтік парақшаларда жүреді. «Біздің мектептің бәрі сауатсыз, бәрі диплом сатып алған, сыбайлас жемқорлықпен айналысады» деп әкімге шағым жасаған. Әкімнің тапсырмасымен мұғалімдердің бәрінің дипломы тексерілді», -деді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Мадина Гулибаева.

Оқушыны ұрып-соғу, жұмысқа кіргізу үшін ақша алу сынды шулы оқиғалар дәл осы ұжымның арасында бұрын болған. Мектеп ұжымы әлі күнге бір ымыраға келе алмаған. Ал жұмыстан қуылған қазақ тілі пәнінің мұғалімі оқу орнындағы келеңсіздіктерді жуырда ғана сайланған депутаттарға жеткізбек. Соған қарағанда тексерістен көз ашпаған бұл мектеп даудан әзірге құтылмайтын сияқты.

«Қазіргі таңда біздің әріптесіміз Facebook-те мектеп туралы да, мұғалімдер туралы да жаман сөздер айтып жүр. Маған «қарабет зовхоз, мектептің партасы үшін түрмеде отырасың» деп жазып, ар-намысыма тиді. Өзінің кабинетіне сынып қалған парталарды жинап алып, камераға түсіріп желіге салған. Екі күннің бірінде мектептің абыройына нұқсан келетін жазба шығады. Біз министрден араша сұраймыз. Бізге келіп анық-қанығына көз жеткізсін, ұжымның сөзін тыңдасын», — деді директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Құралай Қабдуалиева.

Qazaq.today