Фото: Tengrinews.kz 2024. Турар Казангапов
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Алқабилер алқасы мен судья Айжан Құлбаева ақылдасып, айыпталушыға жаза кесті. Экс-министр 24 жылға түрмеге қамалды.
Ал қылмысты жасыруға көмектескен Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.
Айта кететіні, 2023 жылдың 9 қараша күні Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға Bau мейрамханасында болды. Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі экс-министрдің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Күдіктіге Қылмыстық істің «Қинау» және «Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру» баптары бойынша іс қозғалды.
Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысында экс министр өз кінәсін мойындамайтынын айтып, сот БАҚ-тың қатысуымен өтуін сұрады.
Алайда сот процесі аяқталуға жақындағанда Бишімбаев әйелін «абайсызда» өлтіргенін айтып, кінәсін мойындады.
Қуандық Бишімбаевтың соты журналистердің және алқабилердің қатысуымен өтті.