Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырамын деп абақтыға жабылған інісі Бақытжан Байжанов әлі күнге сот шешімімен келіспей отыр. Бұл жолы ол жазаны жеңілетуді сұрап Жоғарғы сотқа шағым түсірген, – деп хабарлайды Qazaq.today КТК арнасына сілтеме жасап.
Іс материалдары Жоғарғы сот судьясының қолына тиіпті. Бірақ тыңдалым күні әзірше белгісіз.
Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырды деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал сол қылмысты жасаған, яғни әйелін азаптап өлтірген үшін айыпты деп танылған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған. Экс-министрдің апелляциялық шағымы да қанағаттандырылған жоқ. Қазір ол жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеп жатыр.