Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова өлтірілген Астанадағы «Гастро-орталық» директоры да қамауға алынды. Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.
Астана қаласының Полиция департаменті елордадағы мейрамханалардың бірінде ҚР ҚК-нің 99 (кісі өлтіру) бабымен әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеуді жалғастыруда.
«Қазіргі уақытта, тергеу органдары, оқиғаның барлық мән-жайларын, және нақты адамдардың кінәсін анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралардың барлық кешенін орындайды. Тергеу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432, яғни (қылмысты жасыру) бабы бойынша қылмыстық іс жеке тіркелді, оның шеңберінде «Гастро-орталық» директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) 119-бабы 3-бөлігі (қауіп-қатерде қалдыру) бойынша қылмыстық істер тіркелді.
Тергеуді Астана қаласының Полиция департаменті тергеу басқармасы жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында болады.
Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Марқұм жайлы не белгілі
Қуандық Бишімбаевтың әйелі – 1992 жылы туған Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы. Ол – бұрынғы министрдің екінші әйелі.
Келіншек астрологиямен айналысып, желіде жеке блогын жүргізген. Оның парақшасында көрсетілгендей мәліметке сүйенсек, консультацияларының құны шамамен 80 мың теңгені құрады.
Бишімбаевтың төрт баласы бар, үшеуі – бірінші некеден, біреуі – екінші некеден.
Жемқорлық үшін 10 жыл
Қуандық Бишімбаев 2017 жылға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.
2017 жылдың 10 қаңтарында Бишімбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. 2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылдың 25 қыркүйегінде бұрынғы шенеунік бостандыққа шықты. Шымкент қаласының Абай аудандық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды.