Бірге намаз оқып, дастархандас болғандар «арқамнан пышақ ұрды» – Көңілбай Шүкенов

Қоғамның әлеуметтік-психолгиясын, халықтың жағдайын жіті зерттеп, түрлі тап өкілдерінің қажеттілігін қамтамасыз еткісі келетін адамдар да, қоғамдық ұйымдар  да көп. Бірі тұрмысық жағдайы нашар отбасына, келесісі қарттарға, тағы бірі жастарға, өзге бір ұйым балаларға көмек беруге бағытталған. Сан саланы қамтыған қоғамдық қорлар да, әлеуметтік желі арқылы жылу жинайтын әнші-блогерлер де аз емес. Оның сыртында екінші деңгейлі банктер арқылы төмендеу пайызбен баспана, көлік алу сынды толып жатқан бағдарламалар да баршылық. Бәрінің айтатыны – жарлының жағдайын жасау. Бірақ, осының бәрін жоққа шығарып, үй алудың, көлік мінудің жолын басқаша шешу керек дейтін де адамдар бар. Солардың бірі  — кәсіпкер Көңілбай Шүкенов. Ол көпбалалы жанұяларды тегін баспанамен қамтып қана қоймай, олардың мәртебесін де көтеру керек деп санайды. Ойын жүзеге асыру үшін бірнеше жобаны бастаған. Бірақ, кәсіпкердің соңынан ерген сөз де аз емес. Qazaq.today тілшісі көпбалалы жанұяларға тегін үй салып беріп жүрген кәсіпкермен кездесті.

Сізге қатысты айтылған сындар да аз емес. «Ақшамызды алды, уәдесінде тұрмады» деген айыптауларды да аз естімедік. Бұл не қылған бітпейтін дау, неден шыққан, тарқатып берсеңіз..

— Дау-дамай деп айтып жатырсыз. Кейінгі кезде осындай сұрақтар көбейіп кетті.  «Аманат Хоум» және «Аманат Драйв» деген көптеген жобаларды жасап шығардық. Біздің басты мақсатымыз  — баспананы, автокөлікті пайызсыз беру. Осы бағдарламаның авторы ретінде, осыны жазған кезде, өзіме тікелей пайда келсін деп, күнімді көре алмай жүріп жазған жоба емес. «Аманат» тауарлық белгісі менің атыма патенттелген, Қазақстанның зияткерлік меншік құқығын алғам. Бірақ дауыс беру арқылы компания сізден кетіп қалады. Аты бар да, заты жоқ. Олар менен кеткеннен кейін, атын өзгертуі керек болған.  Кез-келген жобаны  бастарда заң, маркетинг, экономика, стратегиялық даму жоспарларын жазып шығасыз ғой. Сол кезде сырттан, іштен келетін қауіптер бар, соның бәрін есептейсіз. Ең үлкен қауіп — инфляция, девальвация деп санап келдік. Бірақ бізге қауіп қасымда жүрген адамдардан келді, бұл мен күтпеген оқиға болды. Мен ешқашан ойламаппын, өзіміз құрған жобадан шеткері қалам деп. Елді пайызсыз баспанамен қамтуға арналған «Аманат хоум» деген жоба бізден бөлініп, кетті. Өзім құрған жобаның қаржысы көбейгенде құжатқа жауапты қызметкерлерім қулықпен бөлініп кетті.

Сонда сіз өзіңіз құрған қордан, жобаңыздан айырылып қалған болып тұрсыз ғой…

Айырылып қалған жоқпын. Заңға және ішкі жарғымызға сәйкес дауыс беру процесі болды. Заңгерлер оны өткізді. Жан-жақтан адамдар келді. Бұл жерде халық таңдау жасады. Әрине, басында 2000-дай адам маған дауыс беріп, жеңіске жетуге дайын отырған сәтте, өздеріңізге белгілі азаматтар маған қарсы шабуыл жасап, бірнеше жалған ақпараттарды шығара бастады. Сонымен, көпшіліктің таңдауы бойынша «Аманат Хоумның» басшылығы, Алматы қаласындағы қыздар және менен жобаны алып қойған танымал адамдардың бәрі бірігіп, бөлініп кетті. Командама қосылған адамдар көп құпияны білгеннен кейін, миллиардтаған ақшаларды көргеннен кейін, ойлары өзгеріп,  жеке бөлініп кетті. Олар өздері ғана кеткен жоқ, қордағы салымшыларды да алдаусырату арқыл өздерімен ерте кетті. Ең жаманы, іштен шыққан жау жаман демекші, қасымда бірге намаз оқып, дастархандас боп жүргендер арқамнан пышақ ұрды.

Олар деп отырғаныңыз кім? Көңілбай ақшамызды алып, үй бермей кетті деген сөз бәрібір тоқтаған жоқ қой. Әлде, бұл жерде салымшыларды адастырып жүргендер бар ма?

— Балғынбек Имашев. Ашығын айтайын, сол кезде Балғынбек маған хабарласып: – Сенің он компания ашатындай басың бар ғой, ақылға кел.  «Аманат хоум» деген атты бізге қалдыр,-деді. Мен келістім. Бірақ оларға қосылмаймыз деген  160 адамның ақшасын қайарып беруді міндеттедім. Сонымен келістік. Мен өзімнің уәдемде тұрдым. Ал олар сөзінде тұрмады. Адамдар баспана, көлік алуға сеніп, қаражатын береді. Ал қордағы есепшіден бастап жауапты адамдар жағдайды хабарлап отыру керек. Берілген тапсырмалар орындалып, жоспар жайлы біліп отыруым керек. Ал қордағы бірнеше әйел құжатқа тікелей жауапты болды. Кейінгі кезде олар есеп беруден жалтарып, түлі созбалаңға сала бастады.Кейін  маған қарсы неше түрлі компраматтар жинала бастады. Ақыры салымшылар да, қордағы адамдар да екіге бөлінді. Елдің қаралауына ілесіп «Аманат хоумда» қалып қойған адамдар ақшаларын да, үйерін де әлі ала алмай жүр.

Ақмола облысының Аршалы ауданында шағын қалашық тұрғызылды. Ол жерде көпбалалы жанұяларға дүние-мүлкі, жиһазымен бірге дайын үй берілді. Бұл не деген батпан құйрық. Әлде ақшасын өзгелер төлеп, атағы  Көңілбайға кетіп жатыр ма?

— Халыққа арналған пайызсыз үй немесе пайызсыз көлік алу деген бірнеше жобаны шығардық. Бір адам үй, автокөлік алып жатса, мен өзім балаша қуанамын. Жалпы, мемлекеттік бағдарламалар халықты жарылқаса, әлдеқашан жарылқайтын уақыты болды ғой.  «Бақытты отбасы» жобасын  жазып шығарған автор ретінде айтар болсам, қандай қиындық болса да, ажыраспаған, махаббаттарына берік отбасыларға үй беру. Сөзбен айтып қана қоймай, орындадық, бердік.  Осындай отбасылардың қазақ елінде бар екенін мақтанышпен насихаттап  және оны үлгі етіп көрсету.  Бізде отбасылық институттар ақсап жатыр. Адамдар материалдық тұрғыдан ажырасып кетуде. Сан түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Олардың біразының саясаты дұрыс емес. «Бақытты отбасы» деген бағдараламаны алайық.  2 пайыздық несиемен үй береміз дедйі. Бірақ  банкке баруың, әкімдікке сандалып, кезекке тұру керек. Олар кезекке тұрып келеді, алғашқы жарнасын да төлеп келеді, тағыда толып жатқан құжаттарды өткізеді.  Ең артынан, «біз жағдайы жоқ, толық емес отбысына береміз» дейді. Содан адамдар амалсыз, «толық емес» деген мәртебені алу үшін құжат жүзінде ажырасады. Көпбалалы бола тұра, ажырасу керек. Сонда үйді он, он бес жылға несиеге алу үшін ажырасып кету керек. Не деген бағдаралма бұл? Бұл  бағдарламаны жасаған адамды халық жауы деп тануымыз керек. Өйткені, ол әрең күнін көріп жүрген азаматтардың, отбасылардың ажырасуына бірден-бір себепкер  болып отыр. Ал Аршалыдағы «Бақытты отбасы» қалашығында қазір 5 отбасы тұрып жатыр. Ең азында 5 бала, ең көбінде 9 балалы жанұялар бар. Барлығы отызға жуық бала бар. Әрқайсысына 170 шаршы метрлік баспананы салып, тату-тәтті тұрып жатқан, балаларына жақсы тәрбие, білім берген отбасыларға тегін тарту еттік. Ол біздің команданың қоғамға тигізіп жатқан шағын ғана көмегі.

Жақсы, бұл мемлекеттік бағдарлама, ал сіздің жобаңыз қалайша пайызсыз үй бере алады? Астарында қулық, жасырын пайыздық үстеме жатуы мүмкін ғой..

20-30 жылда қазақтың баспанасы қаржы жүйесін басқарып отырғандардың қолдарында болады. Математикалық схемамен есептесеңіз, сіз несиеге алған үйдің құнын 15-20 жылда  банкке  екі еселеп қайтарасыз. Қандайда бір жағдайлармен несиені төлей алмай қалса, алғашқы жарна да, ай сайынғы төлем де күйіп кетеді. Үйді де тартып алады. Мысалы, 35 млн-ға үй аласың, 81 млн теңге қылып қайтарасың. Ол үшін айлық табыс  600 мың теңгеден асуы керек. Ондай адамды қайдан табасың? Ондай айлығы бар адамдар банкке бармай ақ баспана сатып ала алады ғой. Осы жерде, сұрақ туады. Осындай бағдарламада банктерге халықты тонауға кім рұхсат береді? Неге біздің бағдарламамыз тек солардың ережесімен құрылуы керек? Неге солардың ғана айтқаны болу керек? Халықтың мүддесін қорғайтын бір бағдарлама бар ма? Мәселен, 20  млн теңгенің үйін алар кезде, оның алғашқы жарнасы ретінде 5 млн теңге төледіңіз дейік. Бірақ банк қалған 15 млн теңгеге  емес, толық 20 млн теңгеге пайыздық үстеме қосады. Бұндай әділетсіздікті бірде-бір заңгер, халыққа жаны ашитын бір депутат, жайшылықта көпіре сөйлейтін мұсылмандардың ішінен біреуі шығып айтты ма? Ал біздегі жоба, барлығына бірдей алғашқы жарна бар. Қорға мүшелікке өтіп, кезекке кіргенде төлейтін бір реткі жарна. Болды, қалған пәтердің ақысын пайызсыз береміз. Банк арқылы үйді немесе көлікті кепілге қойып, ақысын пайызсыз төлейді. Егер уақытылы төлей алмаса мүмкіндік беріледі. Баспасын алып қою деген жоқ. Егер мүлдем төлеуді тоқтатса, сол уақытқа дейін төлеген төлемдерін қайтарып береміз де, үйді аламыз. Статистиканы айтатын болсақ, 3500 адам бізде тіркеуден өткен. 1000 адам автокөлік пен баспана алды. Ол жалпы салымшылардың 30 пайызын құрайды.

Сонымен Көңілбай кім болды? Кәсіпкер ме, меценат па? Әлде жарнама арқылы жылу жинап жүрген көп пысықтың бірі ме?

-Мынадай бай мемлекетте, жер көлемі бойынша әлемдегі 9-шы орында тұрып, ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген жерде 19-20 млн адам тіршілік ете алмай, кедейлердің көп болуы миға сыймайтын нәрсе. Кез келген жобаны бастап,  іске асыру үшін биліктегілер сырттан қарыз алуға құмар. Қарыз халқымыздың, кейінгі  ұрпағымыздың мойнында да мәңгі қалады. Неге біз үнемі біреуден қарызға ақша алуымыз керек, осындай байлықтың үстінде отырып. Біз керісінше берушілер қатарынан болуымыз керек қой. Осының бәрін қарасаң жүрегің ауырады. Бай мемлекетте кедей өмір сүруіміз мүмкін емес. Министрлікте жүргенде мұнай, алтын, ураннан, осми, рении, өзгеде байлықтан түсетін ақшаны мың рет есептедім. Енді, сіздің сұрағыңызға жауап берсем. Мен, иә кәсіпкермін, заңды түрде айналысып жатқан бизнестерім бар. Ауыл шаруашылығы да бар. Жиһаз жасап, құрылыс материалдарын шығарамыз. Қор арқылы көпбалалы отбасыларға тегін үй салып беруді мақсат тұттым. Одан бөлек жоғарыда айтқан жобалар бар. Көңілбай деген тығырықтан қалай шығамыз миы ашып жүрген,  стратегиялық даму жоспар, маркетингтік даму жоспар жасаумен айналысып жүрген  адам десеңіз болады.

Өзіңізге «көп ала беретін» сияқтысыз…

-Жоқ, көп мәселені көтерсең, жобаларды ұсынсақ қоғам ондай адамдарды теріс қабылдайды, «қорытпайды». Дайын емес. Өйткені қоғамның қозғаушы күші адамдарды креативті ойлауға дайындамаған. Ел адамдары шынайы өмір сүріп жатқан жоқ. Біз қазіргі уақытта ақша тауып, банктерді байыту үшін өмір сүріп жатырмыз. Мен дүниеге ақша тауып, нәсие төлеу үшін келген жоқпын. Қазақтар дүниеге несие төлеу үшін келген сияқты. «Деньги сопутствующий атрибут достижение цели» деп айтар едім. Ол мақсатқа барар жолдағы құрал ғана. Басқа пайдасы жоқ. Біз ақшаны табу үшін, дүниедегі ең қымбат 8 сағат уақытымызды жібереміз. 8 сағат уақыт деген дүниедегі сіздің ең қымбат уақытыңыз. Таңертеңнен кешке дейінгі уақыт.  Сол уақытыңызды сіз ақша табуға жұмсадыңыз дейік. Айдың соңында айлық аласыз. Бірақ жалақыңыз үй мен көлік алуға жетпейді. Неге? Өйткені сізге жетпейтіндей қылып есептеп қойған. Сіз несиеге кіруіңіз керек. Банкке барып несиемен үй алғаннан кейін, жасыңыз 25-те болса, төлеп біткен кезде 50 жасқа келесіз. Сонда үйді төлеп біткен кезде, жалындаған жастық шағыңыз өтіп кетеді. Одан кейін айнаға қарасаңыз сіз мүлде басқа адамды көресіз. Біз бұл дүниеге несие төлеуге келдік пе? Өмір сүруге келдік пе?

4 пайызбен машина алуға жыл сайын қаржы бөлініп жатыр ғой. Бірақ жоқ машинаға халық кезекке тұрып жатыр. Оған қатысты ойыңыз қалай?

— Ең жаманы, мемлекет адамдарды үміттендіріп қояды ғой. Үй,  машина алуға. 4 пайызбен көлік берейік, оған 100 млрд теңге мемлекеттен ақша бөлінді деп жар салып келеді. Шындығында бұл мемлекеттік маркетингтік тәсіл. Белгілі бір жерде «біздің елде 4 пайызбен автокөлік беріп жатыр» деген әңгіме үшін ғана. Ал 100 млрд теңгені 20 облысқа, әрі 10 млн теңгенің көлігіне бөлейік. Сонда бір бір облысқа 125 көліктен ғана  келеді екен. Ол неге 4 пайыз? Өткені оның 4 пайыз болуы мына жақта біреулер 5 пайызбен, пайызсыз жобаны жаудыра бастады. Халықтың бәрі соған кіріп бара жатқан кезде, мына жақтан 4 пайыз деп жылт еткізді. Бұл маркетингтік тәсіл. Және де бұны «недобросовестная конкуренция» дейді. Мен бұны «отвлекающий маневр» дер едім. Экспоны алайық, ол үлкен маркетингтік тәсіл. Текке кеткен ақшалар. Қазір қаңырап бос тұр. Қазір ішінде футбол ойнауға да алаң жоқ. Не экономикалық, не маркетингтік, не сол кездегі үмітті ақтамаған жобалар ғана. Соның орнына біз бәленбай үйлер салып, оны пайызсыз беріп тастасақ, болмағанда өндіріс салсақ әлдеқайда халыққа пайдалы болар еді.

  Сәл саясатқа ауыссақ… «Қаңтар оқиғасы» қайталануы мүмкін бе?

— «Қаңтар оқиғасы»  аяқ асты шыққан жоқ. Оның бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылған. Хаостың басқаруға көнетін, көнбейтін түрі болады. «Қаңтар оқиғасы» басқаруға көнетін хаос болды. Ол дегеніміз – алдын-ала бәрі шегеленіп, шешілген жағдай. Оның қайталану-қайталанбауына келсек, бірінші ол біреулерге керек па? Керек болса қайталанады, керек болмаса – қайталанбайды. Халықтың бұл жерде ешқандай қатысы жоқ. Кез-келген халықты басқаруға көнетін, басқаруға көнбейтін хаосқа айдап баруға болады. Кландық тартысқа қатысты көп нәрсені айтпай-ақ қояйын. Әр кезде де осындай үлкен билеушілер кеткеннен кейін артында қалған-құтқандардың бәрі бір-бірін жеп, өлтіріп, таптап, айыптайтын жағдай тарихта көп болған. Қазақстанда сондай болмасын деген негізбенен алғашқы президент өз еркімен, уақытылы Тоқаевқа мандатын тапсырып кетті. Онымен келіспейтіндердің әрекетін көрдіңіздер. Қазіргі уақытта қай клан қалды, кім қандай кландармен «соғысып» жатыр. Оны қоғам көріп, біліп отыр.

Қоғамдағы бір қателікті айтып, сұхбатты аяқтасақ…

Қазақстанның негізгі қателігі —  халықаралық талаптарға сай деген зауыттарды салу. Қымбат жоба болса да, ондағы өнімге, оны өткізуге есеп жасамайды. Президент тетікті басады. Зауыт жұмысын бастағанмен, өнімі бәселелестік ортаға жарамай қалады. Технологиясы жобаға сай болмай шығады, құны да аспандап кетеді. Ақыры зауыттар жабылып тынады. Осындай болашағы жоқ нәрселерге әуеспіз.

4