«Билік бизнеске кедергі келтірмесін»: Алматыда қазақтілді кәсіпкерлердің форумы өтті

Іскерлік форум Алматыда алғаш рет қазақ тілінде өтті. Осы уақытқа дейін елімізде өткізілген бизнес форумдардың барлығы ресми тілде немесе аралас, әрі аударма күйінде өткен. Айтуға ұят болса да, бұл кәсіпкерлерге арналған форумның таза ана тілімізде өтуі бірінші рет болды,  деп  хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.

Елдің әр өңірінен үш жүзден астам шағын және орта бизнес өкілдері жиналып, кәсіпкерлікті дамыту тұрғысынан еркін пікір алмасты. Іскер азаматтар бизнеспен айналысу кезінде кездесетін келеңсіздіктерді көтеріп, Үкіметтің жіберген кемшіліктерін де ашық айтты.

«Бұл форумның маңызы жоғары. Келген кәсіпкерлер, әсіресе қазақ тілді іскерлік ортада ішкі мәселелердің жиналып қалғанын айтып жатыр. Осы алаң сол ішкі қордаланған мәселелерді сыртқа шығаратын, айтатын, ортаға салатын орын болмақ. Проблемалардың шешу жолы да ұсынылып жатыр. Экономист мамандар барынша ұлттық экономиканың моделі қандай болуы керегі турасында ойларын айтты. Мысалы, халықаралық банктің рейтінгінде біз 25 орында тұрмыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ ішімізде шешілмеген салық мәселесі бар. Біз халықаралық нарыққа келгенде, яғни өнімді масштабты түрде экспорттауға келгенде өте кенже қалғанбыз», -деді экономист Мақсат Халық.

Қазақстанның кәсіпкерлері көбінесе ішкі нарыққа жұмыс істейді. «20 миллион халыққа арнап бір өнім шығарсам» деген ойдың деңгейінде ғана жүр. Алып Қытай, Үндістан, Ресей  нарығына шығу,  сол нарықтарға арналған стратегиялық жобалар, оны жүзеге асыру жолдарын ойлау, сыртқы нарыққа ену кенже қалған.

«Бүгінгі форум өте өзекті. Өйткені, бұл жерде ұлттық экономикалық мүдде, ұлттық бизнестің мүддесі көтеріліп жатыр. Шетелдің тәжірибесіне назар аударсақ, билік пен бизнес бірге тандем ретінде жұмыс істейді. Ал бізде ондай жоқ. Бизнес өз алдына жеке жүріп жатыр. Үкімет бір бөлек, өзімен өзі. Сондай бытыраңқылық бар. Сондықтан осындай форум арқылы біріктіруге болады. Бұл бір. Екіншіден, біздің ойымызша, мемлекетке бес бағдарлама керек. Экономиканы екі есе ұлғайту; экономикалық реформалар; құрылымдық реформалар; «yellow pages rules» енгізу; бағаны еркіндету бағдарламасы. Бізде мұның бесеуі де жоқ. Осылар орындалса бизнеске жол ашылады», -деді Экономикалық саясат институының директоры Қайырбек Арыстанбеков.

Тәуелсіздік жылдарында бизнесті дамыту туралы ондаған ауқымды жобалар жасалған. Бірақ олардың көбі кәсіпті кең көлемде дамыта алмаған. Бұның басты себебі, Ұлттық экономика моделін қалыптастыратын бағдарламаның жоқтығынан деп санайды экономистер. Бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға жоба, бағдарламалар мен ақпараттар негізінен ресми тілде беріледі. Бұл қазақтілді кәсіпкер азаматтардың көбеюіне кедергі.

«Менің ойымша, «SANA бизнес форум» іскерлік ортаның жанданатын жері. Осында Үкімет мүшелері де қатысып отыр. Ғалымдарымыз келіп, ғылым мен бизнетің арасындағы байланыс туралы ой айтылды. Іскер азаматтар бір-бірімен танысып, серіктестік орнатып жатыр. Мұның бәрі түптеп келгенде Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуына өзінің ықпалын тигізеді, экономикамыздың өсуіне, халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді. Ең негізгі мәселе, салық төлеу. Әрине, салық туралы жаңа Кодекс қабылданды. Бөлшек сауда салығының артықшылығын да айтып жатырмыз, бірақ қосылған құн салығы шегінің әлі де төмен болып тұрғаны, 60 миллион айналымнан асып кетсе бітті, кәсіпкер көп салық төлеуге мәжбүр болады. «Неліктен айналым 300 миллион теңгеден асқанда  салық төлемеске? 60 миллион айналымға шыққан кәсіпкер әлі аяғына тұрмаған, оған салық салатын болсақ кәсібін қалай дамытады?» деген мәселелер айтылып жатыр. 60 миллионнан асып кететін болса, қосылған құн салығы да, жеке табыс салығы да салынады. Оның бәрі жоқ дегенде кәсіпкерлерге 30 пайыздың үстінде салықтық жүктеме  алып келеді. Қаражатты салыққа төлегеннен бұрын, бизнесін одан әрі дамытып, қосымша өндіріс орнын, жұмыс орындарын ашуға жұмсауға болар еді», -деді экономист.

Іскер азаматтардың сөзінше, Үкімет те, әкімдік те, өзге мемлекеттік органдар да кәсіпкерлердің жұмысына қатты араласады. Үкіметте отырғандардың арасында нарықтың заңдарынан, нарықтық экономикадан хабары бар мамандардың көптігіне күмәнмен қарайтындарын жасырмады. Бизнеске қолдау көрсететін министрліктер пен Ұлттық банк, өзге де қаржы ұйымдарының тілі де, жобасы да қазақтілді ортаға, қоғамға арналмаған. Тіптен бұл мекемелерге арнайы хабар берілсе де, олардың ешқайсысы қазақтілді кәсіпкерлердің ойын білу үшін форумға келмеді.

«Білімді азаматтар да бар шығар. Бірақ Үкіметте отырғандардың дені қай жерде бизнеске араласып, көмектесу керек, қай жерде араласпау керек екенін білмейді. Керісінше көптеген кәсіптің дамуына бюракратиялық кедергілер туғызып келеді. Мұның бәрі түптеп келгенде сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі экономиканың дамуына алып келіп жатыр. Сондықтан біздің кәсіпкерлер кәсібін дамытуға мүмкіндік ала алмай отыр. Жалпы қоғамда қазақша бизнес форумдарға сұраныс артып тұр. Шақырсақ та Ұлттық экономика министрлігі шараға қатыспады, мамандары келмеді», — деді форумды ұйымдастырушы Мақсат Халық.

 

Qazaq.today