Бибісара Асаубаева Қазақстанның жаңа гроссмейстері атанды

Қазақстанның шахматшысы Бибісара Асаубаева БАӘ-де өткен Sharjah Masters 2025 супертурнирінде өзінің үшінші гроссмейстерлік нормасын орындады. Сонымен қатар, ол 2500 рейтингтік межеден асып, кәсіби шахматтағы ең жоғары дәрежеге қол жеткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«64 гроссмейстер бақ сынаған турнирде Бибісара жалпы есепте үздік 30 ойыншының қатарына кірді, ал әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсеткен шахматшы атанды. Ол әйгілі қарсыластарын – әйелдер Гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэрді және Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды», — деп хабарлады Қазақстанның шахмат федерациясы.

Ресми түрде гроссмейстер (GM) атағын алу үшін тек ФИДЕ кеңесінің алдағы отырысында бұл нәтиже бекітілуі керек.

Осыдан кейін Бибісара Қазақстан тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер атанбақ. Бұған дейін бұл мәртебе тек Жансая Әбдумаликке тиесілі болатын.