«Бетон зауытын ашпақ болған»: алаяққа сенген Тұрлыханов 1,2 млн долларынан айырылып қалды    

Алматыда Тұрлыхановты алдаған қылмыскерге сот үкім шығарды. Бизнес жоба ұсынған алаяқ Тұрлыхановтың 1 миллион 200 мың долларын алдап алып кеткен, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Бірнеше жылға созылған даулы істі Алматы қаласы Алмалы аудандық соты қараған. Сот құжатында күдікті ретінде Серік Беккайров деген сотқа тартылған. Онда Беккайров ірі бизнес бастаса мол көлемде пайдаға кенелетіндеріе Дәулет Тұрлыхановты сендірген. Алайда үнемі қалталы адамдарды торуылдаған Беккайров өзгеде де танымал тұлғаларды сан соқтырған болып шықты. Қылмысты іс төрт эпизод бойынша қаралды.

«2013 жылғы жаз айында сотталушы Беккайров Серик алаяқтық жасау, яғни бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жымқыру мақсатында, өзіне бұрын таныс – жәбірленуші Д.Б.Турлыхановпен кездесіп, соңғысына Алматы қаласының аумағында асфальт-бетон зауытын ашатынын жалған айтып, өзіне қаражат керектігі жөнінде хабарлған. Әңгіме барысында С.Беккайров жәбірленушінің сеніміне кіру үшін, зауыт ірі мөлшерде пайда алып келетінін, ашылатын кәсіпорынның 50% оның меншігінде болатынын айтып, 1 200 000 АҚШ доллар көлемінде қаражат сұраған. Сотталушының қылмыстық пиғылынан бейхабар болған жәбірленуші Д.Б.Турлыханов, 2013 жылғы жаз айында Алматы қаласы, Сәтбаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «Ай-Сер» атты қонақ үйінің ішінде зауыттың ашылуына С.Беккайровқа 500 000 АҚШ долларын өз еркімен берген», -делінген сот құжатында.

Танымал адамдарды сан соқтырумен айналысқан алаяқ арада бірнеше ай өткенде Тұрлыхановтан тағы да қомақты ақшаны алған. Ол жолы алаяқ Тұрылхановтан 700 мың долларды санап алып кеткен.

«Арада шамамен 2-3 ай өткенде, С.Беккайров аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа бағытталған қылмыстық әрекеттерін жалғастыра келе, құрылыс жұмыстарын бастауға қаражат керектігін жалған айтып, жәбірленушінің Алматы қаласы, Кербұлақ жолағы, № … в үй мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үй-жайында қалған 700 000 АҚШ долларын алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы жымқырып кеткен. Өзінің қылмыстық әрекеттерімен сотталушы С.Беккайров жәбірленуші Д.Б.Турлыхановқа жалпы 533 748 000 теңге көлемінде, яғни аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген», — делінген сот үкімінің құжатында.

Өзінің алданып, аса ірі көлемде қаражатынан айырылып қалғанын Тұрлыханов кеш білген. Күдікті сотта өзін Тұрлыхановтың адамдары қорқытқанын, алайда ондай ақшаны алмағанын, аса көп көлемдегі қаражаты бере салу ақылға сыймайтынын айтып ақталуға тырысқан. Сот үкімінде әлгі әккі Серік Беккайровтың төрт ірі қылмыстық эпизодтарға қатысқаны, адамдарға аса көп көлемде қаржылай шығын келтіргені жазылған. Басты сот талқылауында сотталушы С.Беккайров тағылған айып бойынша кінәсін мойындамай қойған.

«Ол жәбірленуші Д.Б.Турлыхановтан қандай да бір қаражатты ешқашан алмаған. Соңғысын ол 1989 жылдан бастап таниды, себебі көрші тұрған. Жәбірленушімен ол тек ғана 2006 жылға дейін араласып келген. Осы уақыттан бері, ол оны екі рет ғана, яғни жерлеу рәсімінде және тергеу кезінде көрген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылған. Тергеу абақтысында отырған кезде, оған тергеуші мен Д.Б.Турлыхановтың адамдары келіп, өзінен 2 000 000 АҚШ долларын талап етіп, қорқытқан. Бұл эпизод бойынша айып ойдан құрастырылған. Д.Б.Турлыхановтың сенімді тұлғаларынан тек ғана А.А.Сураншиевті таниды. Жәбірленушінің зауыт салу үшін С.Беккайровқа 1 200 000 АҚШ долларын бердім деген жауаптарына сыни көзімен қарауды сұрайды, себебі бұл заманда біреу біреуге қарызға бұндай сомма ақшаны беру мүмкін емес. Д.Б.Турлыхановтың тарапынан бүгінгі күнге дейін өзіне қауіп төндіріліп отыр. Пайда табу мақсатында, ұйымдасқан топ осындай әрекеттерге барып, Д.Б.Турлыханов өзіне жала жауып отыр. Өзі құрылыспен ешқашан айналысып көрмеген. Жәбірленушімен тергеу абақтысында беттестіру өткізілмеген», -деп көрсетілген.

Сот тараптарды тыңдай келе сотталушының кінәсі басты сот талқылауында өз дәлелін тапты деп санайды. Сотталушы С.Беккайровтың қылмыстық әрекетін сот ҚК-нің 190-бабы 4- бөлігінің 2-тармағымен саралай келе, аса ірі мөлшерде, бірнеше рет алаяқтық жасаған, яғни бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жымқырған деп шешті. Сот үкім шығарғарда ҚПК-нің 387-390, 393, 395-398, 401-402-баптарын басшылыққа алған.

«Беккайров Серік ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2- тармағымен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 6 (алты) жыл 6 (алты) ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 10 ҚК-нің 58-бабының 6-бөлігінің негізінде, осы үкіммен тағайындалған онша қатаң емес жазаны Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының 2022 жылғы 19 шілдедегі үкіммен тағайындалған неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы С.Беккайровқа түпкілікті 6 (алты) жыл 8 (сегіз) ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, сотталған С.Беккайровқа бас бостандығынан айыруды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалсын. Сотталған С.Беккайровқа қатысты қолданылған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы – бұрынғыдай күшінде қалдырылсын. Сотталған С.Беккайровтан жәбірленушілер: Д.Тұрлыхановтың пайдасына 533 748 000 (бес жүз отыз үш миллион жеті жүз қырық сегіз мың) теңге өндірілсін», -деп үкім шығарған судья Арипов.

75