Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы Райымбек ауданында кең көлемде аталып өтті
Райымбек ауданы балалар әдебиетінің классигі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Іс-шаралар Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде өткен «Болмысы бөлек Бердібек» атты жиынмен жалғасты.
Жиналған қауым алдымен жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Театрландырылған «Бердібек әлеміне саяхат» қойылымы кештің көркін ашты. Қойылым режиссері – Сержан Молдасан. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл және Еркебұлан Дайыров сынды танымал актерлер өнер көрсетті, ал жазушы рөлін Ербақ Құрманжанұлы сомдап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Кеште Алматы облысының әкімдігі қолдауымен жарық көрген Бердібек Соқпақбаевтың төрт томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Қайратұлы облыс әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлының құттықтауын жеткізді. Жазушының қызы Самал Соқпақбаева мен Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, жазушының қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне тоқталды.
Мерекелік кеште өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, Бердібек Соқпақбаевтың рухына тағзым етті.