Берденовке жасалған шабуыл: Полиция жалған ақпарат туралы айтты

Фото: forbes.kz

Кеше кешкісін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылып, ол қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы. 

Оқиғаға байланысты Шымкент қаласы полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Құзырлы органның мәліметінше, қазір кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде шабуылдың себебі ретінде шындыққа жанаспайтын мәліметтер тарап жатыр.

Әкім орынбасарына жасалған шабуылдың себебі ретінде оның күдіктінің жұбайына тиіскені туралы жалған ақпараттар әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, — делінген полиция департаменті таратқан хабарламада. Ведомство қылмыс жасаған күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.