Фото: primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Жиын барысында биылда көптеген елді мекендерге қауіп төніп тұрғаны айтылды. Кеңесте экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков және бірқатар облыс әкімдері қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес ақпан айында ауа райы жылы болады, жауын-шашын мен температураның өзгеруі күтілуде, соның салдарынан мұз қатуы мүмкін. Наурызда ауа райының жылыну және жауын-шашынның көп болуы су тасқыны қаупін арттырады. Экология және су ресурстары министрлігінің деректері бойынша ылғалдылық көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының батыс бөліктерінде және Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының тау бөктеріндегі аудандарында норма шегінен жоғары екені байқалады.
Сонымен қатар бірқатар өңірде топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, бүгінде су тасқыны қаупі бар аймақта 1 223 елді мекен бар.
«Оларды қорғау үшін 576 шақырым топырақ үйінділері мен қорғаныс бөгеттері тұрғызылған, 822 шақырым су бұру жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынған. Автомобиль және темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылыстары орнатылып және ауыстырылған. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық аумақта түбін тереңдету, жағалауды бекіту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар барлық өңірде тасқынның алдын алу шаралары толық көлемде аяқталған жоқ. Бұл үкімет аппараты мен ТЖМ-ның бірлескен тексеруі барысында анықталды. Бақылауды ТЖ алдын алу комитеті жүзеге асырады, комитет тиісті шараларды, соның ішінде әкімдердің әкімшілік жауапкершілігін қабылдайды», — делінген хабарламада.
Кеңесте премьер-министрдің сөзінше, Шардара су қоймасынан су жіберудің артуы және Сырдария өзеніндегі жартылай мұз қатуына байланысты Қызылорда облысында да су тасқынының қауіпі бар. Сел Атырау және Қостанай облыстарына да қауіп төндіреді.
«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай-саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр бірқатар тапсырма беріп, әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.