Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылының 24 отбасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Ізкеновтің атына ашық хат жазды. Хатта ауылда жастардан құралған топ мектеп оқушыларынан жүйелі түрде ақша жинап, қорқытып-үркітіп жүргені айтылған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.
Ауыл тұрғындары мұндай теріс әрекеттер тоқтамаса, жақында 17 жастағы оқушының қаза табуына ұқсас қайғылы жағдайлар тағы қайталануы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.
Lada.kz хабарлағандай, ашық хатта жазылғандай, бір топ жас мектеп оқушыларын қорқытып, ақша бопсалайды. Сонымен қатар, «үлкен сынып оқушылары» атынан оқушыларға жеке тапсырмаларын орындататын көрінеді. Қарсы шыққандар соққыға жығылып, қорқытылады.
Тұрғындардың айтуынша, осындай жағдайлар жасырылғандықтан қайғылы оқиға болған. Ашық хатқа қол қойған 24 отбасының барлығы бұл жағдай кез келген оқушының басына түсуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар құқық қорғау органдарынан тиісті шара қолданып, ауылдағы жағдайды реттеуді талап етіп отыр.
«Балаларымыздың еш қорқынышсыз үйден шығып, мектепке баруына мүмкіндік жасалсын», – дейді олар.
Еске сала кетейік, 8 сәуір күні Ақжігіт ауылында 11-сынып оқушысы күмәнді жағдайда көз жұмған болатын. Марқұмның туыстары оның өліміне бөгде адамдардың қатысы болуы мүмкін деп санайды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктіні ұстағанын хабарлады.