Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының (дронның) сынықтары табылды. Бұл туралы Qazaq.today өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
«Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, Жәнібек ауданында табылған ұшқышсыз аппараттың сынықтарына ұқсас заттарға қатысты тексеріс жүргізуде», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Департаменттің хабарлауынша, аппарат сынықтары елді мекендерден алыс, қашық жерде табылған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін Telegram-арналарда аталған дрон сынықтары туралы хабарлама 2025 жылғы 24 наурыз күні сағат 21:15-те түскені айтылған еді.
Оқиға орнына Жәнібек аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы, учаскелік полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура өкілдері барған.
Айта кетейік, бұл – Батыс Қазақстан облысы аумағында тіркелген үшінші оқиға. Бұған дейін 18 наурызда Тасқала ауданында ұзындығы үш метр болатын дрон құлаған еді. Ал 18 ақпанда Бөкей Ордасы ауданына қарасты Ұялы ауылында белгісіз ұшу аппаратының құлағаны тіркелген болатын.