Фото: inbusiness.kz
Әлеуметтік желіде көлікті құжатсыз басқарып, жол ережелерін өрескел бұзған жасөспірімдердің бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Жас жүргізушілер өз іс-әрекеттерін видеоға түсірген. Бейнежазбада жасөспірімдердің бірі адамды «басып кет» деп айқайлайды.
«Басып кет» деген көңілді нотада Алматыны аралап, 10 сынып оқушысы Mercedes-Benz көлігін басқарған. Ол енді Kia Rio көлігін айдап жүр. Оның анасы баласының не істеп жүргенінен хабардар секілді», — делінген жазбада.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті түсініктеме берді.
«Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамдардың көлік жүргізу фактісі бойынша жергілікті полиция қызметкерлері құқық бұзушыларға қатысты шара қолданды: ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу материалы жиналды. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жасөспірімдердің ата-аналары жауапкершілікке тартылды. Ата-аналардың балаларының бос уақытын бақылауы және олардың қандай да бір заңсыз әрекеттерге жол бермеуі өте маңызды», — деп хабарлайды департаменттен.