«Басына секір»: Алматы облысында бес мектептің оқушылары жаппай төбелеске қатысты

Алматы облысында оқушылар жаппай төбелесті. Төбелеске Іле ауданына қарасты мектептің оқушылары қатысқан. Бірі-бірі аямай соққыға жыққан төбелестің видеосы әлеуметтік желіге жарияланып кетті. Жасөспірімдердің жаппай төбелесі Іле ауданының Жапек батыр ауылында орын алған. 30-дан астам жасөпірім полиция басқармасына жеткізілді,  деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі. Төбелеске бір емес, бес мектептің оқушылары қатысқан. Оңбай таяқ жеген бір бала қазір бас жарақатымен ауруханада жатыр дейді мектеп директоры. Жоғары сынып оқушыларының арасында болған төбелеске қатысты 17 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Футбол ойнаған балалар дейді. Футбол ойнап, жеңілген команда мен жеңген командамен осындай кикілжің болған дейді. Біздің мектептен 13 бала қатысқан. «Біз білмедік апай, Мадияр былтыр бір нәрсе айтқан мен туралы, соны неге айттың деп сұрап едім, ол маған секірді» дейді. «Мен үлкен болғаннан кейін оған жауап қайтардым» дейді. Енді күнделікті бірге жүріп, бірге ауылға қайтып, бір ауылда ойнап жүрген балалар ғой», — деді Іле ауданы №51 Орта мектеп директорының міндетін атқарушы Шәпия Бектұрғанова.

Футболға жиналған балалар үйлерінде жатқан оқушыларды да шақырып, төбелеске қатыстырған.Жаппай төбелестен 9-сынып оқушысының миы шайқалып ауруханаға түскен. Полиция «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Желтоқсан айының 3 күні әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Жәпек батыр ауылында төбелс болғаны анықталды. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Іле ауданының полиция басқармасына 30 астам жасөспірім жеткізілді. Олардың ата-аналары әкімшлік жауапкершілікке тартылды. Аталған жағдайдан бір жасөспірім ауруханаға жатты, қазіргі таңда жағдайы бірқалыпты. Басқала балалар дене жарақатын алмаған», — деді Алматы облысы Іле ауданы ПБ бастығы Ертіс Тоқтаров.

Жаппай төбелеске қатысқан оқушылардың айқайлаған аяусыз сөздері де көпшілікті шошытып отыр. Тіптен «ұста», «басына секір»  деп бұйрық беріп тұрған. Өзен жағасындағы бұйрықты ересек оқушылар бұлжытпай орындаған. Білім бөлімінің бастығы Лаззат Каткеева басқаратын бұл ауданда оқушылардың арасындағы төбелестің орын алуы бірінші рет емес. Білім бөліміне қатысты прокуратура заңсыздықтарды анықтаған. Тіптен бұған дейін оқушылардың төбелесі баланың өлімімен аяқталған оқиғада болған.

«Аталған дерек дереу аудандық полицияда ҚР ҚК 293 бабы бойынша тіркелді. Тексеру барысында 29 қараша күні  2008 жылғы 9 сынып оқушысы мен 2007 жылғы 10 сынып оқушысы арасында келіспеушіліктер туындап, кейіннен жаппай төбелеске ұласқаны анықталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері басталды. Сондай-ақ, психологтардың қатысуымен осы оқиғаға қатысушылармен профилактикалық тәрбие жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127, 435-баптары бойынша 17 әкімшілік хаттама толтырылды», — деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінң баспасөз қызметі.