Бас прокурордың орынбасары әрі заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжановтың Францияның Шенс-сюр-Леман коммунасында Женева көлінің жағасында вилласы барын shishkin_like телеграм арнасы анықтаған. Ұлан Байжанов шетелден қымбат баспананы қалай алғанын айтып берді, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia-ға сілтеме жасап.
Байжанов мұның алдында бизнесмен болғанын айтады.
«Мемлекеттік қызметке келгенде заң бойынша біреудің қолына бизнесті бересің. Мысалы мемлекеттік қызметте жүргенде ешқандай бизнеспен шұғылдануға болмайды», — деді ол.
Ұлан Байжанов бұл тақырыпты «қуырылған» «жаренный» факт деп есептейді.
«Себебі керекті кезде бәрі тексерілген. Ешқандай сұрақ қойылмаған», — дейді ол.
Ұлан Байжанов ол мүлік «вилла» емес екенін, 200 шаршы метрлік үй екенін айтады.
«Тікелей өз атына алғанда – ол демек тықпайды деген мәселе ғой. Ал көп виллалар, активтер әдетте басқа фирмалардың немесе адамдардың атына тіркеледі. Ал өз атында тіркелгенде – яғни ол заңды түрде алынған нәрсе. Сол үйдің кредитін 13 жыл бойы төлеп жүрмін. Әлі 7 жыл төлеймін. Тікелей біздің меншіктегі үйіміз болған», — дейді ол.
Бас прокурордың орынбасары қызы ауырған кезде медициналық көмектің қажеттігіне байланысты Франциядағы үйді алғанын айтады.
Qazaq.today