Бас прокуратура Арғын Нығматулинге қатысты пікір білдірді

Фото: Қарағанды облысының мәслихаты

ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев жақында іздеу жарияланған Арғын Нығматулинге қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланды және оны Интерпол іске асырады.

— Халықаралық іздеу үнемі Интерпол арқылы жүргізіледі. Біздің құқық қорғау органдары мұны өз бетімен жасай алмайды… Интерпол арқылы қызыл бюллетень шығады, сосын олар анықтап, есеп береді, — деді Әсет Шындалиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында еліміздің прокуратура органдары Арғын Нығматулинге іздеу жариялады.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған мәліметке қарағанда, прокуратура органдарының бастама жасауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген Нығматулин Арғын Зайроллаұлына іздестіру жұмыстарын жүргізеді.