Бас мүфти кәсіпкерлерге үндеу жасады

Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы Рамазан айының басталуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-інен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Осы ретте Бас мүфти халықты қасиетті айда жүзеге асатын қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырды.

«Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземін. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамыз. Осы қасиетті айда шамасы келген кісілер мұндай сауапты әрі халыққа пайда тиетін істерге қолғабыс болып, көмек беріп, қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді», — деді ол.

Наурызбай қажы Тағанұлы осы айда жағдайы бар адамдарды мұқтаждарға көмектесуге шақырды.