АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкин Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте Ресей агрессиясын айыптады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
«Әлем бойынша ондаған ел Ресейге санкциялар салды. Себебі Ресей Украинаға қарсы соғыс бастады. Ол тек Украинаға қарсы соғыс емес, жалпы халықаралық, БҰҰ-ның аумақтық тұтастық пен егемендікті сақтау қағидаттарына қарсы шығу. Оның ішінде Қазақстан да бар. БҰҰ құрамындағы елдер Ресейдің жасағанына қарсы шықты»,- деді Энтони Блинкин.
Энтони Блинкин Ресейдің агрессияны тоқтату үшін көптеген жұмыстардың жасалатынын айтты. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы басқыншы елдің әскерін Украинада шығарып, аумақтың тұтастығын сақтауға тырысатындарын айтты.
«Біз Ресей өз әскерін Украинадан шығарып, Украина аумақтық тұтастығын сақтағанын қалаймыз. Қазір бірқатар елмен сөйлесіп жатырмыз. Оның ішінде осы С5 елдері бар. Себебі бұл әрекеттің экономикалық салдары бар. Одан әлем бойынша барлық ел зардап шегуі мүмкін. Оның ішінде Орталық Азия елдері де бар. Біз өз серіктестерімізбен ақпарат алмасып, С5 елдеріне көмек беруге тырысамыз»,- деді ол.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының айтуынша, оған уақыт керек.
«Орталық Азия өңіріне барынша көмек көрсетіп жатырмыз. 25 млрд доллар экономикалық тұрақтылық бастамасы аясында бөлінді. Сауда дамыту, экспорт нарығын ашу, жеке секторға инвестиция тарту үшін 50 млн доллар бөлініп отыр. Ресей агрессиясының әлемге үлкен ықпалы болуы мүмкін»,- деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ешқандай қазақстандық компания жанама санкциялардан зардап шекпегенін айтты.