Танымал әнші Сиви Махмуди жеке өміріндегі соңғы жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Айта кетейік, өнер иесінің экс-жолдасына халықаралық іздеу жаряланған еді.
“Жолдасыммен ресми ажырасқанымызға сегіз жыл болды. Бірақ халық әлі мені сол кісімен қатар атайды. Өткенде істі болғанда да көп жазды. Жеке дара етіп жазуларыңызды сұраймын. Балаларымның әкесімен араласпаймыз. Ешқашан хат-хабар алып, жағдай сұрасқан емес. Бұрынғы ата-енем де немерелерін іздеген емес. Қазір балаларым әкелерінің тегін алғысы келмейді. Тіпті, болашақта зияны тие ме деп те ойлаймын. Сондықтан үш баламды да Махмуди деп жаздырамын. Әкесінің аты жазылатын жер бос тұрады. Менің де жеке құжатымда әкем аты жазылмаған. Балалардың өтінішімен құжат алмастыру процесін бастап кеттік”, – деді Сиви “Менің өмірім” бағдарламасында.
Одан кейін өнер иесі жақсы жар жолығатынына сенетінін алайда әлі де қарым-қатынасқа дайын емес екенін айтты.
“Ертең тұрмыс құрайын деп жатырмын деп айтқым келмейді. Қазақта “Аузы күйген үрлеп ішеді” деген сөз бар. Сол сөзге қатты сенемін. Сезімін білдіріп жүрген ер-азаматтар бар. Бірақ нақты мынау маған қорған болып, балаларыма әке болады деп айта алмаймын. Әр адамның кемшін тұсы болады ғой. Олардың да ұнамсыз қасиеттерін байқап жүрмін. Қызым тұрмысқа шығуыма қарсы емес. “Сізге жақсы күйеу болса, бізді қыдыртса жақсы емес пе?” дейді. Ұлдарым бірден қарсы болды. Әлі де ойларынан айныған жоқ. Ер балалар анасының басқа азаматпен бас қосқанын қызғанатын сияқты. Ата-анам да оларға түсіндіріп, жалғыздық тек құдайға ғана жарасқанын айтты. Бәрі уақыттың еншісінде. Әр адам бақытты болуға лайық”, – деді әнші.