Балаларға арналған “Тәуелсіздік әліппесі” жарық көрді

“Тәуелсіздік әліппесі” бүлдіршіндердің әріп тануымен бірге, тәуелсіздік құндылықтар мен салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды бірге танып өседі, дейді туынды авторы Әнуар Қабдолдаұлы.

Ә. Қабдолдаұлы «Тәуелсіздік әліппесі» атты балаларға арналған әліпбиді жаңаша форматта жасап шығып, қазіргі уақытта соны насихаттаумен айналысып жүр. Айтуынша, бұл нұсқаны жасауға 8 жылын сарып етіпті. Оның ісін республикадағы белгілі педагогтар қолдап, әліпбиге оң көзқарас танытқанын айтады.

Автордың «Тәуелсіздік әліппесін» шығарудағы басты мақсаты мектепке дейінгі бүлдіршіндердің тәуелсіздік құндылықтарынан тәлім алып өсуіне жол ашу. Сонмен қатар, олардың таным қабілеттерінің кеңеюіне септігін тигізеді деген сенімде.

Аталған әліппенің тұсаукесері Талдықорғандағы №42 балабақшада ұйымдастырылды. Шараға шаһардағы балабақша қызметкерлері қатысып, салтанатты жиынның куәгері болды. Жиында облыстық оқу-әдістемелік дамыту орталығының мектепке дейінгі мекеме бөлімінің әдіскері Мақпал Асқарқызы сөз алып, лебізін білдірді.

Айта кетейік, әліпбиде 29 әріп көрсетілген. Ол жерден қазақы нақыштағы бейнелерді аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің тез түйсінуі үшін ондағы суреттер айрықша қанық бояулармен әрленген.

 

«Баланы жастан»-деген данышпан Қазақ. Өскелең ұрпақ әріп танудан бастап өздерінің тәуелсіз елдің ұрпақтары екенін терең сезініп өсіп, мемлекетіміздің отан қорғайтын қайсар да намысты азаматы болып қалыптасуының әу бастан азаматтық негізін қалайды” дейді автор.