Балқаш маңындағы Саяқ кен орнында үш кенші газдан уланып қалды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі Патриот Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 5 қазанда болды. Уланған екі жұмысшы мерт болды, ал үшіншісі ауруханаға түсті.
Қаза болғандар – 34 жастағы Дулат Игембаев пен 23 жастағы Мадияр Тұрысбаев екен.
«Қазақмыс» корпорациясы референдум кезеңіндегі жұмыстарды алға тартып, түсініктеме бермеді.
Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті фактіні растап, мұны топтық жазатайым оқиғаға жатқызады.
«Осы топтық жазатайым оқиға бойынша комиссия құрылып, арнайы тексеру жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы.
Саяқ кен орны Қарағанды облысының Балқаш қаласында орналасқан. Онда мыс сульфидті кен өндіріледі.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысындағы зауытта жұмысшы бетон араластырғышқа құлап, мерт болғаны айтылған еді.