Байжановтың адвокаты сот барысында TikTok арқылы ақша тапқан

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты 4 жылға сотталған Бақытжан Байжановтың қорғаушысы сот отырысы кезінде TikTok желісінде тікелей эфир жүргізу арқылы қосымша табыс тапқан. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

Апелляциялық сот барысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Байжановтың адвокаты Әлібек Секеров сотта сотталушының мүддесін қорғағаны үшін ғана ақы алып қоймай, желі арқылы да ақша тапқанын мәлімдеді.

«Секеров судьяның рұқсатынсыз TikTok-та тікелей эфирге шығып, сол арқылы ақша тапқан. Кейіннен судья оған тікелей эфир жүргізуге тыйым салды», – деді марқұмның ағасы.

Ол сондай-ақ қорғаушылардың қоғамдық наразылық үкімге кері әсер етуі мүмкін деген шағымдарына қатысты пікір білдірді.

«Бастапқыдан-ақ қоғамда наразылық болды. Тараптардың ешқайсысы істі ашық талқылауға қарсы болған жоқ. Сондықтан, енді бұл істің ашық түрде өтуі сот шешіміне әсер етті деп айтуға болмайды. Бұл туралы басында ашық сот талқылауын талап еткенде ойлану керек еді», – деді Айтбек Амангелді.

Бұған дейін Бишімбаев пен Байжановқа қатысты апелляциялық сот үкімі өзгеріссіз қалғаны туралы хабарланған болатын.

Апелляциялық сот отырысы кезінде Айтбек Амангелді Байжановтың әйеліне Lexus көлігін сатып, 4 жыл күн көруге болатынын айтты.