Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» медиафорумының ашылу салтанатында Қытайдың жетекші басылымы «Жэньминь жибао» газеті бас редакторының орынбасары Фан Цзяншань маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Саясаткерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар мен медиа саласының өкілдері қатысқан бұл форум Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Орталық Азия мен Қытайдың ортақ тағдыр қауымдастығын құру бастамасының екі жылдығына арналды.
Фан Цзяншань өз сөзінде Орталық Азия елдері мен Қытайдың достық қарым-қатынасын ерекше атап өтіп:
«Біз – ортақ даму мен гүлденуге бағытталған серіктестерміз. Шынайы достық – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланыстар мен мәдени үндестіктің жемісі», – деді.
Ол ежелгі Жібек жолының қос аймақты біріктіріп келгенін, бүгінгі таңда бұл идеяның жаңа мазмұнмен толыққанын атап өтті.
Форумда Қытай мен Орталық Азия елдері арасында даму стратегиялары, қауіпсіздік, мәдени байланыс және «Бір белдеу – бір жол» жобасының маңыздылығы кеңінен талқыланды. Фан Цзяншань БАҚ өкілдерінің бұл үдеріске қосатын үлесі зор екенін айтты.
«БАҚ – тек ақпарат таратушы емес, сонымен бірге халықтар арасындағы сенімділік пен өзара түсіністікті қалыптастырушы күш. Біз ортақ тағдыр қауымдастығы идеясын кеңінен насихаттап, жалған ақпарат пен бұрмаланған көзқарастарға қарсы тұруымыз керек», – деді ол.
Фан Цзяншань БАҚ-тың өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы рөлін атап өтіп, журналистерді шынайылық, әділеттілік және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстануға шақырды.
«Біз шынайы оқиғалар мен адамдар тағдырлары арқылы достықты, даму тарихын және табысты ынтымақтастықты баяндауымыз қажет. Бұл – халықтар арасындағы шынайы байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам», – деп түйіндеді спикер.