1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталған Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министріне қатысты тергеу амалдары аяқталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Осылайша, Агенттік Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі және мердігер ұйым басшылығына қатысты ауыр қылмыс жасағаны бойынша тергеуді аяқтады.
— Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталуда. Өткен жылдың 13 желтоқсанында Бас Прокуратура күдіктілерді сотқа берді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.