Айтыскер ақын әрі психолог-коуч Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желіде Ыстамбұлда орын алған 6,2 магнитудалы жер сілкінісінің видеосын жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Қазіргі таңда өнер иесі Ыстамбұл қаласында тұрып жатыр. Ол зілзаланың болған сәтін былай деп сипаттады:
“Дүкенде жүр едік. Іші шайқалып кетті. Бәріміз далаға атып шықтық. Алла сақтасын! Ыстамбұлды бір жер сілкінісі болады деген. Осымен бәрі бітсе екен. Бәрі бала-шағамен далада, босып жүр. Қайбір жылы 50 мың адамның өмірін қиған жер сілкінісі болып еді. Қаншама халық қырылып қалды. Адамдар паника болып жатыр. Халық қатты қорқып қалған”, – деді психолог-коуч.
Еске салсақ, Түркияда болған бұл жер сілкінісінен 236 адам зардап шекті. Зілзала кезінде дүрбелеңге түскен көптеген адам биіктен секіріп жарақат алған. Қазіргі уақытта олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, барлығына медициналық көмек көрсетілді. Денсаулық сақтау министрлігі құрбандар туралы нақты ақпаратты әзірге жарияламады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында 7,8 және 7,5 балдық жойқын жер сілкіністері тіркелген болатын. Мыңдаған афтершоктың салдарынан жүздеген мың ғимарат қирап, 53 мыңнан астам адам қаза тапты. Сондай-ақ, көршілес Сирияның солтүстігінде тағы 6 мың адам көз жұмды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram