БҚО-да өрттен бір үйдің бес баласы қайтыс болды

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында болған өрт салдарынан бес бүлдіршін көз жұмды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қайғылы оқиға 3 маусым күні кешкісін тіркелген. Өрт тұрғын үйдің бір бөлмесінде тұтанған. Қызыл жалын үй ішіндегі жеке заттар мен жиһазды шарпыған. Жалын 30 шаршы метр аумақты қамтыған.

Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бригадасы бес минут ішінде жеткен. Алайда өрттен зардап шеккен бес баланың барлығы ес-түссіз күйде табылған. Олар дереу аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай, өмірлерін аман алып қалу мүмкін болмады.

Марқұмдардың ең үлкені — бес жаста. Қалғандарының жасы одан кіші болғаны хабарланды.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, өрт-техникалық зертхана, анықтаушылар мен психолог мамандар жіберілді.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды пеш пен электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.