Қасіретті кезеңді қайта зерделеу — ұлттық әділеттіліктің негізі, деп хабарлайды Qazaq.today.
️ Зұлматтың ізін зерделеу әлі де жалғасуда
XX ғасырда Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясаты салдарынан Қазақстанда жүздеген мың адам қуғындалып, атылды, жер аударылды немесе құқықтарынан айырылды. Алайда олардың бәрі бірдей ресми түрде ақталып біткен жоқ. Соңғы жылдары атқарылған жұмыс ауқымды болғанымен, тарихшылар мен депутаттар бұл процесті әлі толық аяқталды деуге ерте дейді.
Ақталғандар саны — 650 мыңнан асты
1993 жылы қабылданған заң негізінде 2020 жылға дейін 340 мың адам ақталды, ал 2020–2023 жылдары Мемлекеттік комиссияның жұмысы нәтижесінде тағы 311 мың адамның есімі ақталды. Осылайша, Тәуелсіздік жылдары аралығында ақталғандар саны 650 мыңнан асып отыр.
Ерлан Қарин: «2,6 миллионнан астам құжат пен материалдың құпия белгісі алынды. Бұл — ғылым үшін маңызды әрі қоғам алдындағы міндет».
️ Ашаршылық пен лагерьлер — естен кетпейтін трагедия
1930–1950 жылдары Қазақстанда Карлаг, АЛЖИР, Жезқазған, Ақтөбе сынды ірі лагерьлер жүйесі жұмыс істеді. Қазақ ұлты жанының 40%-нан айырылды, ал зиялылардың бір шоғыры — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев сынды тұлғалар ату жазасына кесілді.
Жаңа кезең — толық тарихи ақиқатқа бастар жол
2020 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтауды көздеді. Қазір бұл жұмысты XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып жатыр.
️ Еркін Әбіл, Мәжіліс депутаты:
«Бай, сұлтан ұрпақтары, сайлау құқығынан айырылғандар, білім алуға тыйым салынғандар — бұлардың барлығы да қуғын-сүргіннің құрбандары. Оларды да ақтау керек».
️ Мемлекеттік қор құрылды
Қазір қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы мәліметті бірыңғай дерекқор арқылы табуға болады. Сонымен қатар 31 томдық архив құжаты, Алаш қозғалысына қатысты 12 том және 2,4 миллионнан астам карточкадан «құпия» белгі алынған.
Қуғын-сүргінді тек өткеннің трагедиясы ретінде емес, ұлттың рухын жаңғыртатын тарихи сабақ ретінде ұғыну керек. Құрбандарды ақтау — ұлттық әділеттілік пен тарихи тазалықтың айғағы.