Қазақстанда енді шетелге 500 мың теңгеден, яғни шамамен 1000 доллардан көп ақша аударған азаматтардың транзакциялары ерекше бақылауға алынады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат порталы «Мың теңге» телеграм арнасына сілтеме жасап.
Неге? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтықпен, қаржылық пирамидалармен және интернет-алаяқтармен күресті күшейтуді қолға алуда. Мұндай аударымдар «қаржыны жылыстату» және «терроризмді қаржыландыру» қаупі бар деп саналады.
Кімдер күдікке ілігеді?
— Шетелде 500 мың теңгеден астам сауда жасағандар.
— Шетелге 500 мың теңгеден артық ақша аударғандар.
— Жасөспірімдер (14-25 жас) трансшекаралық аударымдар жасағандар.
— Әртүрлі банктен бірнеше карточкасы бар азаматтар.
— Интернет арқылы қомақты сомада тауар сатып алғандар.
Банктер не істейді?
— Күдікті аударымдарды қосымша тексеріп, уақытша бұғаттауы мүмкін.
— Клиенттен ақшаның қайда жұмсалғанын дәлелдеуді талап етуі ықтимал.
— Екі факторлы сәйкестендіру (биометрия) талап етіледі.
Сіз не істеуіңіз керек? Ақша аударымдарыңызды жоспарлап, құжаттарыңызды дайындаңыз. Банк қосымшасында қауіпсіздікті күшейтіңіз. Қаржылық операцияларыңызды түсінікті және заңды түрде жүргізіңіз.