Азия чемпионаты: Еркін күрестен Ризабек Айтмұқан финалға шықты

Фото: qaz_olympics

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында бүгін, 11 сәуірде жалауын көтерген Азия чемпионатында еркін күрестен Ризабек Айтмұқан (97 келі) финалға шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Бішкекте өтіп жатқан күрестен Азия чемпионатының финалына жолдама алды. Ол жартылай финалда үндістандық балуанды тізе бүктірді, деп жазады kaz.inform.kz.

Ризабек осыған дейін Бішкек бозкілемдерінде өзбекстандық Махсұд Вейсалов пен қырғыз Андрей Ароновты жеңген еді. Ақтық сында ол Бахрейн спортшысы Ахмед Тажудиновпен күш сынасады.

Айта кетейік, Ризабек былтыр Астанада өткен сары құрлық чемпионатында күміс медаль алған.

Ал, 57 келіде бақ сынайтын тағы бір балуанымыз Мейрамбек Қартбай жартылай финалда жапониялық спортшы Кенту Юмиядан 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Енді ол Азия чемпионатының қола медалі үшін күреседі.

Сондай-ақ 70 келіде ел намысын қорғап жатқан Мейіржан Әшіров Бішкектегі Азия чемпионатының ширек финалында сүрінді. Ол тәжікстандық Мұстафо Ахмедовтан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Құрлықтық додада Азамат Өміржанов (79 келі) жұбаныш белдесуінде жапон балуаны Рюнсуке Камианы 6:2 есебімен жеңіп, қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Ол 3-орын үшін Өзбекстан спортшысы Асомиддин Хасановпен күреседі.