Танымал продюсер Баян Мақсатқызы не себепті орыстілді екенін түсіндірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Арт-менеджер журналист Дана Нұржігіттің подкастында қонақ болды. Журналист танымал тұлғалардың балалары қазақ тілін білмейтінін тілге тиек етті.
“Мен орыс ұлты көп, небәрі 20 пайыз ғана қазақтар тұратын Орал қаласында дүниеге келдім. Мектепте жалғыз қазақ болдым. Сыныпта деп түсінбеңіз. Бүкіл мектеп оқушыларының арасынан жалғыз қазақ ұлтынан мен болдым. Әріқарай өзіңіз қалай болғанын ойлай беріңіз. Негізі, мен қазақ тілін жақсы сөйлеймін. Бірақ орыс тілінде сөйлеген ыңғайлы. Мен орысша ойлаймын. Орыс тілінде сөйлейтінім, менің қазақ тілінде өткізетін жобамның ешқайсысына кедергі келтірген емес. “Қазақ аруын” өткіземін. “Бақыт” деген фильмім 100 пайыз қазақ тілінде түсірілді. Қаншама киноларым мен сериалдарымды тек қазақ тілінде түсіремін. Маған енді кім не деп ұрсады?! Қазақ тілін дамыту үшін сен не істедің?! Мен орыстілді болсам да, қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрмін”, – деді продюсер.
Сондай-ақ актриса қыздарының тәрбиесіне алаңдамайтынын жеткізді.
“Қыздарым қазақша біледі. Қазақ мектебінде білім алды. Екі кішкентай қыздарымды да қазақ мектебіне беремін. Мен өте керемет балаларды дүниеге әкелдім. Қазіргі олардың қателігі – менің тәрбиемнен емес. Олар өздерінің көрсем, білсем деген іс-әрекеттерінен қателесіп жатыр деп ойлаймын. “Мен сені тудым, өсірдім. Әріқарай өзің таңдап, шешім қабылдайсың” деп айттым”, – деді Баян Алагөзова.