Қазақстанның туризм елшісі: Қытайлық блогер қыз марапатталды

Фото: Kazakh Tourism

Қытайдың танымал блогері Таотаоға «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесі берілді, деп хабарлайды Qazaq.today.

Қытайлық инфлюенсер Қазақстанның 3 өңірімен танысып үлгерді. Ол алғаш рет елімізге 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында келген. Бұл жолы Таотао Айма Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының бірегей табиғи жерлерін саяхаттап, Астана және Алматы қалаларының айналасымен танысып жүр.

Таотао атқа мінгенді, бүркітпен аң аулағанды ұнатады. Ол еліміздің мәдениеті мен көркем табиғи ландшафттарына ерекше назар аударып, қазақтың дәстүрлі киімдері мен ұлттық асханасын паш етіп келеді.

«Мұндай құрметті мәртебенің берілгеніне аса қуанып, ризашылығымды білдіремін. Барынша көп адам Қазақстан жайлы білсін және келсін деген ниетпен әсем табиғаттарыңыз бен ұлттық тағамдарыңызды көрсетуді жалғастырамын», — деді Айма Таотао.

Kazakh Tourism 2018 жылдан бері «ҚР туризмінің елшісі» бастамасын жүзеге асыруда. Бұл Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге, әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар назарын еліміздің табиғи және мәдени байлығының алуан түрлілігіне аударуға бағытталған. Өткен жылы құрметті миссияны жапондық блогер Юджи Натсума қабылдады.

«Туризм елшілері институты — ұлттық туристік брендті шетелде ілгерілетудің маңызды құралы. Олардың арасында туристік индустрияның, мәдениет және білім беру, медиа цифрлық кеңістік өкілдері бар. Қазақстан туризмінің елшілері әлемнің бірқатар мемлекеттерінде бар. Олар өздерінің үлкен ықыласымен және ақысыз негізде елімізді көпшілікке паш етуде, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК»  АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.