Қазақстанның күштік құрылымдарында кадрлық өзгерістер болады

Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады. Қазақстанда күштік құрылымдарының жұмысындағы қателерге байланысты алдағы уақытта кадрлық өзгерістер болады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы КазТАГ басылымына сілтеме жасап.

«Ішкі істер органдарының барлық бөлімшелерінде, сондай-ақ басқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелерін қамтитын президенттің тапсырмаларын іске асыру аясында жұмысты күшейту бойынша бірқатар жиналыстар мен кеңестер өткізілді. Олардың қорытындысы бойынша тиісті ұйымдастырушылық, кадрлық және басқа да шешімдер қабылданып жатыр», – деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Бас прокуратура Болгарияда Қазақстанмен байланысты көлік құралынан ірі есірткі партиясының тәркіленуіне байланысты қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Бұл оқиғаны құқық қорғау органдары жұмысындағы үлкен қателердің бірі ретінде қарастырған еді.

«Қазір уәкілетті органдар есірткі заттарының транзиттік сызбасын анықтау бойынша шетелдік серіктестермен өзара іс-қимыл мәселесін пысықтап жатыр. Аталған оқиға бойынша прокуратура қызметкерлерін жауапкершілікке тарту қарастырылмаған», – деп хабарлады бас прокуратура.

22