Фото: Polisia.kz
Қарағанды облысында 65 жастағы зейнеткер Николай Степанюга инфаркттан көз жұмды. Оның отбасының айтуынша, оны ауылындағы учаскелік инспекторлар алкоголь ішкені үшін ұстап, ауруханаға жеткізген. Бұл туралы Qazaq.today хабарлайды.
Оқиға барысы
5 қыркүйекте Бұхар-Жырау ауданының Керней ауылында учаскелік инспекторлар Николайды үйінің ауласынан ұстап алып кеткен. Туыстарының айтуынша, полиция қызметкерлері оны видеокамераға түсіріп, сөзбен арандатқан. Кейін оны кісендеп, жергілікті ауруханаға жеткізіп, сол жерде жүрек талмасынан қайтыс болды.
Отбасының мәлімдемесі
Марқұмның ұлы Станислав Степанюга полицияның қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, әкесін заңсыз ұстап, инфарктқа жеткізді деп айыптады. Сосын марқұмның жақындары полиция департаментіне шағымданып, тергеу жүргізуді талап етті.
Полицияның жауабы
Қарағанды облысы полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізіп, айыптаулар расталмады деп мәлімдеді. Сонымен қатар, полиция видеожетон жазбасын ұсынды, онда зейнеткердің денесінде зақым болмағаны айтылады.
Жақындарының күдігі
Николайдың жақындары полиция ұсынған видеода оқиғаның басы мен соңы жоқ деп күмәндануда, сондықтан олар әділ тексеру жүргізуді талап етеді.