Мәжіліс заңды мақұлдады
Қазақстанда жаңа әскери қызмет түрі енгізілетін болды. Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Qazaq.today.
Резервтегі қызмет: ерікті түрде және жаңа мүмкіндіктер
ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, резервтегі қызметке қабылдау ерікті негізде жүргізіледі.
«Бұл бағытта азаматтар арасында арнайы жұмыс жүргізіледі. Ең алдымен, әскери қызмет тәжірибесі бар, мерзімді әскери қызметін өтеген немесе бұрын келісімшарт бойынша қатардағы, сержанттық және офицерлік лауазымдарда қызмет еткендер шақырылады. Бұл еңбек өтілі жылдары бойынша зейнетке шыққан әскери қызметшілерді жұмыспен қамтамасыз етудің бір әлеуметтік лифті болып табылады», – деді Камалетдинов Мәжіліс кулуарында.
Жас шектеулері
Жаңа әскери қызметке қатысты жас шектеулері де белгіленді:
- Қатардағы құрам үшін: 50 жасқа дейін.
- Офицерлік құрам үшін: 60 жасқа дейін.
Бұл қадам елдегі қорғаныс қабілетін нығайтуға және азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған.