Қазақстанда салықтық-бюджеттік реформа қызу талқылануда. Үкімет пен Парламент депутаттары жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты көзқарастарын ашық білдіруде. Салықтық жүктемені қайта қарау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен көлеңкелі экономиканы азайту мәселелері елдің күн тәртібіне шықты. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев
Салықтық реформа не үшін қажет болды?
2025 жылдың ақпанында Үкімет бюджет тапшылығы 10 триллион теңгеге жеткенін мәлімдеді. Жалпы бюджет көлемі 25 триллион теңгені құрайды, оның ішінде 16 триллионы ғана салықтық түсімдер. Қалған бөлігі Ұлттық қор мен ішкі нарықтағы қарыздар арқылы жабылады. Бұл тенденция жыл сайын ушығып барады. Осыны тоқтату үшін Үкімет салықтық реформаны қолға алды.
Дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы салықтық жүктеме төмен – ЖІӨ-нің 15,3 пайызы ғана. Мысалы, Францияда – 45,6%, Ресейде – 21,4%, ал Қырғызстанда – 22%. Осы айырмашылықты ескеріп, Үкімет салық жүктемесін арттыруды, сонымен қатар салық жинауды әкімшілендіруді жақсартуды ұсынды.
НДС мөлшері: Негізгі талас нүктесі
Жаңа жобада НДС (ҚҚС) мөлшерін қазіргі 12%-дан 16%-ға дейін көтеру ұсынылған. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл ұсыныс бірден қабылданбаса да, біртіндеп – 14%, кейін 16% деңгейінде енгізу жолы да қарастырылды. Бірақ әлеуметтік шығындардың артуына байланысты депутаттар бұл өзгерісті 2026 жылдан бастап бірден енгізуді қолдап отыр.
Базалық мөлшерлеме ретінде 16% ұсынылды. Сонымен қатар, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге арналған төмендетілген мөлшерлеме – 10% қарастырылуда. Алайда, депутаттар бұл салаға НДС салу қазіргі таңда орынсыз екенін, өйткені негізгі шығындар мемлекеттің өзі арқылы жабылатынын айтады.
Ауыл шаруашылығы мен шағын бизнеске қатысты өзгерістер
Аграрлық секторға қатысты НДС-тің 0% ұсынылды, бірақ бұл бастама өндірістік шығындардың артуына алып келуі мүмкін. Қазіргі режимде олар НДС-тің тек 30% төлейді, бұл тиімдірек. Сондықтан депутаттар қолданыстағы 70% жеңілдікті сақтап қалуды жөн көреді.
НДС төлеушілерді тіркеу шегі де қызу талқылануда. Үкімет қазіргі 78,6 млн теңге (20 000 МРП) шегін 15 млн теңгеге (3 800 МРП) дейін төмендетуді ұсынды. Бұл жағдайда НДС төлеушілер саны 300 мыңға артады. Алайда депутаттар бұл шекті 40 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынуда, өйткені 15 млн теңге кіріс табатын кәсіпкерлердің таза пайдасы тым аз болады.
Арнайы салық режимдері және кәсіпкерлерге жеңілдіктер
Жаңа кодексте арнайы салық режимдерінің саны үшке қысқартылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация, және фермерлік шаруашылықтар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған ставка 4% болады, оның ішінде зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдар бар. Бұл режим ИП (ЖК) ретінде тіркеусіз 30-ға жуық қызмет түрін қамтиды.
Оңайлатылған декларация мен бөлшек сауда салығы біріктіріліп, кірісі 600 000 МРП-дан аспайтын кәсіпкерлерге арналған. Бұл режимде есеп жүргізу талап етілмейді, ал салық мөлшері – 4%.
«Роскошь» салығы: байлыққа жаңа көзқарас
«Роскошь» салығы тікелей енгізілмесе де, қымбат жылжымайтын мүлік, автокөлік, яхталар мен ұшақтарға жоғары акциздер белгіленуде. Егер мүлік құны 450 млн теңгеден асса, артық сомасына 2% салық салынады. Автокөліктер мен яхталар үшін бұл шек – тиісінше 75 және 100 млн теңге. Қымбат алкоголь мен сигараларға да қосымша 10% акциз енгізіледі.
Жаңа салық кодексі қандай жеңілдіктер әкеледі?
Жаңа кодекс 30% есептілікті қысқартуды көздейді. Егер есеп беру мерзімі өтсе, автоматты түрде «нөлдік» есеп ретінде тіркеледі және кәсіпкерге айыппұл салынбайды.
Сонымен қатар:
-
Салықтық қарыз үшін қолданылатын мәжбүрлі шаралар шегі 20 МРП-ға дейін ұлғаяды;
-
5 млн теңгеге дейінгі қарыз бойынша кепілсіз кейінге шегеру мүмкіндігі;
-
Электронды шот-фактуралар мен декларацияларды алдын ала толтыру жүйесі енгізіледі;
-
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын НДС-тен босату ұсынылды;
-
Кітап басу мен археологияны да НДС-тен босату көзделіп отыр.
«Әділетті Қазақстанға» қадам ба?
Жаңа Салық кодексі – Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және қаржылық тұрақтылығына бағытталған маңызды құжат. Мәжіліс пен Үкімет арасындағы пікірталастар – бұл оң үдеріс, өйткені барлық тараптар елдің мүддесін басты орынға қойып отыр.
Салық жүйесінің реформалануы халықтың әл-ауқатын арттыру, бюджетті теңгерімді ету және шағын бизнесті қолдау мақсатында іске асырылуда. Ең бастысы – әділеттілік принципі сақталуы тиіс.