Қазақстанда тұрақты тұратын ресейліктердің саны белгілі болды

2025 жылы Қазақстан аумағында тұрақты негізде шамамен 87 мың Ресей Федерациясының азаматы тұрып жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today сайты КазТАГ-қа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл санға Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар ресейліктер, сондай-ақ елде ұзақ мерзімді тұру құжаттарын рәсімдеген азаматтар кіреді. Аталықов Ресей азаматтарының қажетті құжаттарды рәсімдеуге белсенді түрде өтініш беріп жатқанын, ал Қазақстанның көші-қон органдары миграциялық ағымдарды жүйелі бақылау мен мониторинг жүргізетінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда тиісті рұқсаты бар және тұрақты тұрып жатқан Ресей Федерациясының азаматтарының саны 87 мыңға жетті», — деді Аталықов.

Ол сондай-ақ елде уақытша тұруға рұқсатты көбінесе оңтүстік көрші елдерден келген азаматтар алатынын нақтылады. Ресей азаматтары болса, уақытша тұруға рұқсатты сирек рәсімдеп, тұрақты тұру мәртебесін алуды жөн санайды екен.

Сонымен қатар, көші-қон қызметі басшысының дерегінше, 2025 жылы ресейлік азаматтарға Қазақстан аумағында түрлі заңдық және қаржылық операцияларды жүргізуге қажетті 9 мыңға жуық жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілген.