Қазақстанда енді SIM-карталарды тек ресми байланыс операторлары сата алады. Жаңа ереже бойынша заңсыз «симка» сатқан кәсіпкерлерге айыппұл салу көзделіп отыр, деп хабарлайды Qazaq.today Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Жаңа ереже не үшін енгізіледі?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) ұсынған өзгерістер жобасында SIM-карталарды тек байланыс операторларының ресми бөлімшелері мен онлайн жүйелері арқылы сату көзделіп отыр. Бұл өзгерістер алаяқтықпен күресу мақсатында қолға алынған.
«Байланыс нөмірлерін тек ресми бөлімдерде сатып алу ұсынылады. Бұл ереже SIM-карталарды жаппай сатып алып, шетелге жіберіп, сол арқылы азаматтарды алдауға жол бермеу үшін қажет», – деп түсіндірді министрлік.
SIM-карта сататын кәсіпкерлерге айыппұл салынады
Егер заң күшіне енсе, мобильді техника дүкендері, супермаркеттер мен базарлар SIM-карта сата алмайды. Бұдан кейін ресми бөлімше емес жерде SIM-карта сатқан кәсіпкерлерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл салу қарастырылып отыр.
Айыппұл мөлшері әзірге нақтыланбаған. Қазіргі уақытта құжат қоғамдық талқылауда.
Бір адамға 5-10 SIM-карта шектеуі енгізіледі
Тағы бір маңызды өзгеріс — бір адамға тіркелетін SIM-карталар санын 5–10 данаға дейін шектеу. Бұған дейін кейбір тұлғалар атына мыңдаған нөмір тіркеп, оларды алаяқтық мақсатта пайдаланған.
«5-10 SIM-картадан артық қажет болған жағдайда, азамат растайтын құжаттармен өтініш беруі керек», – дейді министрлік.
Бұл кімге әсер етеді?
-
Ресми емес дүкендер мен сауда орындары
-
SIM-карта арқылы табыс табатын кәсіпкерлер
-
Жеке тұлға атына көп нөмір ресімдегендер
-
Қазақстандық нөмірлер арқылы шетелден алаяқтық жасайтындар
Не үшін қажет?
Министрлік бұл өзгерістерді мобильді алаяқтықпен күрес және SIM-карталарды заңсыз пайдалануға жол бермеу үшін енгізуді ұсынып отыр. Себебі көптеген қоңырау шетелден жасалғанымен, нөмірлер Қазақстанда сатып алынған болып шығады.