Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі.
Фото: obk.kz
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 2 триллион 803 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде базалық зейнетақыға 882,8 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыға 1 триллион 920,2 миллиард теңге бағытталды.
Елде қанша зейнеткер бар және олар қанша алады
«2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион 413 мың адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазандағы орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 131 810 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 211 теңге, базалық зейнетақы – 42 599 теңге», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 131 872 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 436 теңге, базалық зейнетақы – 42 628 теңге.