Қазақстанда никаб киюге тыйым салынуы мүмкін

2025 жылдың 30 мамырында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжілісте қаралатын заң жобасы аясында никабқа тыйым салу мәселесі қарастырылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaq.today хабарлады.

«Бөлек заң жоқ. Бұл – ІІМ желісі бойынша дайындалған заң жобасындағы норма. Ол қауіпсіздік мәселесіне қатысты және никаб киюге тыйым салуды көздейді. Қазір бұл норма Мәжілісте. Өзімнің білуімше, жақында бірінші оқылымда талқыланады», – деді министр Ақордадағы кулуарда.

Қоғамдық орындарда діни киім кию мәселесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бұл тақырып ел ішіндегі дін мен қоғам арасындағы қатынас, діни еркіндік пен ұлттық қауіпсіздік мәселелерін күн тәртібіне шығарып отыр.