Қазақстанда кальян сатылымына және оны шегуге толық тыйым салу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанымен, оның сатылымына әлі тыйым салынған жоқ. Яғни, мекемелер кальянды сатуға құқылы, алайда оларды жеке үйлерден басқа жерде шегуге болмайды.
Кальян тұтынудың кең таралуына байланысты оның сатылымы мен тұтынуын қатаң реттеу мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда темекіні кальян үшін реттеу, кальян қоспаларын сату мен шегуді қадағалау, сондай-ақ олардың тұтынуын азайту бойынша алдын алу шаралары талқылануда.
Заң жобасын енгізу алдында реттеушілік әсерін талдау (РӘТ) қажет. Осы заңнамалық өзгерістерді талқылау, мемлекеттік органды анықтау, айыппұл көлемін өзгерту қажеттілігі РӘТ шеңберінде қаралады. РӘТ аяқталғаннан кейін бизнес өкілдерімен қоғамдық тыңдаулар өткізілмек.
Айта кетейік, министрлік биыл көктемде де Қазақстанда кальянға толық тыйым салу мәселесін талқылаған болатын. Министрлік өкілдерінің пікірінше, казахстандықтар кальян шегуге тыйым салған заңды жеткілікті айыппұлдардың болмауына байланысты елемей келеді.